Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Ұстаздар күні мерекесімен құттықтады

Аудан әкімі Ұстаздар күні мерекесімен құттықтады

Құрметті ұстаздар!
           Қадірлі сала ардагерлері !
Сіздерді қазан айының алғашқы аптасында аталып өтетін кәсіби мерекелеріңіз – мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді.
Ұстаздар жайлы ұлы Абай «Адам бойындағы барлық жақсылық мұғалімнен дариды» деп баға берсе, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі» деген болатын.
Биыл баға жетпес байлығымыз - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Егемен еліміздің шәкірттерін тәрбиелеудегі Сіздердің еңбектеріңіз зор.
Расында, ұстаз – шәкірт бойына асыл ой, адамгершілік, ұлттық сана-сезімді сіңіре білетін тәрбиеші. Ел болашағын сеніп тапсырар, Тәуелсіз Қазақстанның әрі қарай нығаюына үлес қосар өскелең ұрпақты тәрбиелейтін беделді тұлға.
Сондықтан да, ұстаздық – қай кезде де сый-құрметке лайық әрі сұранысқа ие қадірлі де қастерлі мамандық болып қала береді. Себебі, қарапайым жұмысшы да, ел басқарып отырған тұлға да, ғалымдар мен өнертапқыштар да, әлемді бағындырып жүрген өнерпаздар да ұстаз алдынан өтіп, мұғалімнің тәлім-тәрбиесін алатыны сөзсіз. Сондықтан ұстаздар күні – қоғамдағы орны ерек мерекелердің бірі.
Бүгінде жас ұрпақтың бойына білім нәрін егіп, жақсы қасиеттерге баулитын, нәтижелі жұмыс істеуге, жауапкершілікті терең сезінуге және шығармашыл тұлға болып қалыптасуға жол ашатын мұғалімдер қауымына артылар жауапкершілік жүгі ауыр.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай, ілгері жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы, әрі экономиканы дамытудың басты құралы» деп, ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеген болатын.
Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елімізде білім саласына ерекше назар аударылып, егеменді еліміздің өскелең ұрпағы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Соның ішінде біздің ауданымызда тәуелсіздік жылдары 37 жаңа білім ошағы, 5 балабақша бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес биыл Сексеуіл кентіндегі 300 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілсе, Арал қаласының кіреберісінен №71 мектеп-интернатының жаңа ғимараты бой көтеруде.
Бүгінде ауданымыздың білім ошақтарында 2582 педагог және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 528 педагог шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, еңбек етіп келеді. Атап өту қажет, биылғы жаңа оқу жылында ұстаздар қатары жас мамандармен толығып, 76 жас мұғалім мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстады.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздер, пандемиямен күрес кезінде қауіп-қатерге қарамай алдыңғы қатарда жүріп, кәсіби міндеттеріңізді абыроймен атқарып, барлық күш-жігер мен шеберліктеріңізді ел болашағына жұмсап келесіздер. Бұл қиындықтарды мойымай еңсеріп өткен Сіздер, биылғы жаңа оқу жылында шәкірттеріңізбен қуана қауышып, білім берудің жаңа даңғылына жаңаша серпінмен кірістіңіздер.
Өздеріңізге мәлім, Тәуелсіз мемлекетіміздің алдында бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда.
 Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады. Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін!
Дана халқымыз “Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды”, - дейді. Халық айтса, қалт айтпайды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді жас ортаға қосыларына кәміл сенеміз.
"Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті" десе, аттарыңызды ай-әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі С.Сермағамбетов


02 қазан 2021 ж. 3 100 0