Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың 8 қыркүйек - Отбасы күні мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың 8 қыркүйек - Отбасы күні мерекесімен құттықтауы

Қадірлі жерлестер!Құрметті ағайын!
Сіздерді 8 қыркүйек – Отбасы күнімен құттықтаймын!
«Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп пайымдаған халқымыз сыйластық орнаған ортаға әркез бас иген, құндылықтарын қастерлеген. Адамзат баласы дүниеге келгенде ең алдымен өз отбасының жылуын сезініп, ата-ананың мейіріміне бөленеді. Тәлім-тәрбиені отбасы мүшелерінен алады. Халқымызда «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген қағида бар. Қай заманда да балаға ең алдымен тәрбие отбасында беріледі. Отбасының тіреуі әке, жылуы ана, сол шағын мемлекеттің шарттарына бойұсынып, құндылықтарын бойына сіңірген бала қоғамға өз танымымен араласады.
Халқымыз үшін отбасы сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, кез келген зиялы қоғамның діңгегі болып саналады. Әр балаға үлкен өмірдің баспалдағын салып беретін жанұя институтының берік негізі ата-ананың өнегесінде жатыр. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймағымызда мәуелі бәйтеректей үлкен әулетке айналған мерейлі отбасылардың қатары қалың.
Қадірлі ата-ана, қымбатты жас шаңырақ иелері!
Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Өнегелі сөзден қуат алған өрісті жанұялардың қатары сиремесін! Сіздерге баянды бақыт, мәнді де мағыналы өмір тілеймін! Күндеріміз шуақты, келешегіміз нұрлы болғай!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Аманжол ОҢҒАРБАЕВ
08 қыркүйек 2024 ж. 105 0