Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Отбасы күніне арналған құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Отбасы күніне арналған құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отбасы – адам баласының өсіп-жетілетін, қаз тұрып, қанат қағар алтын ұясы, тәлім-тәрбие алатын құтты ошағы. Сондықтан да жанұяның әрбір мүшесінің қоғамда өз орны бар.
Отбасы – еліміздің мызғымас тұрақтылығының, ауызбіршілігі мен болашағының қайнар көзі. Себебі тәрбиелі ұрпақтың ел мен жерге адал қызмет жасауы жанұядағы өнегеден бастау алмақ. Сондықтан да «Отбасы» қашанда қоғамның іргесін ұстайтын маңызды тетігі, діңгегін қалаушы берік кірпіші десек артық емес.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жанұяның қоғамдағы рөлін сараптап, нығайту бағытында іргелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде елімізде отбасы институты берік қалыптасып, дамып келе жатыр. Оның ішінде ана мен балаға деген қамқорлық, ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру, лайықты біліммен сусындату, денсаулығы мен тыныштығын сақтау ерекше назарға алынған.
Жалпы, "Отан отбасынан басталады" деген нақылдан-ақ қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты мән беретінін аңғаруға болады. Ұрпақ санасына өнеге сіңірудегі отбасы рөлі қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесінен де артық. Себебі жанұяның жылуын, одан берілетін мейірім-шапағатты ештеңе алмастыра алмайды. Осы орайда ертеден атадан балаға мирас болып келе жатқан жанұялық игі құндылықтар, ұлттық тәрбие мен жақсы дәстүріміздің маңызы зор. Осы ретте халқымыздың бай рухани мұрасы, әдеп-жоралғысы әрбір жанұяны айрандай ұйытып, шырайлы өмір кешуге бастар құрал болмақ. Яғни еліміздің келешегі – ұрпақтардың тәрбиесі сөз болғанда, ұлттық тәрбие мен төл мәдениетімізді естен шығармауымыз керек. Өйткені әр отбасындағы үлгілі өнеге әлем көшіндегі еліміздің өркениетіне үлкен үлес қосады.
Осынау әлеуметтік маңызға ие мереке күні барлық шаңыраққа құт-береке, мол ырыс, мамыражай тыныштық тілеймін! Әр отбасының іргесі берік болып, түтіні түзу ұшсын, ардақты ағайын!
Ізгі ниетпен, Мұхтар Оразбаев,
Арал ауданының әкімі
15 мамыр 2021 ж. 3 277 0