Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі М.Оразбаевтың Отбасы күніне арналған мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі М.Оразбаевтың Отбасы күніне арналған мерекелік құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Ардақты ағайын!

Баршаңызды жылы күздің молшылығымен бірге келген жарқын мереке – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Себебі, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды.
Халқымыздың бойына біткен қонақжайлылық, үлкенге деген құрмет, туған жерге деген махаббат, толеранттылық секілді барлық ізгі қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа отбасылық дәстүр арқылы беріледі. Қоғамда өз орнымызды тауып, ақ пен қараны ажырата білуде жанұядан алған жылылықтың маңызы өте зор. Өйткені, адам баласын мейірімділікке, жақсылыққа үйрететін осы ыстық ұямыз. Түптеп келгенде ана тілімізге, халқымыздың ұлттық дәстүріне сыйластықпен, сүйіспеншілік қарау, Отанды сүю, оған қамқорлық көрсету – отбасында қалыптасады. Сондықтан да «Отан отбасынан басталады» деген даналықты халқымыз тектен текке айтпаған.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі Арал топырағы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады. Отбасылық құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтай білетін жарасымды жанұялар әрдайым біздің мерейіміз. Аудан бойынша үстіміздегі жылы 275 жас отау шаңырақ көтерсе, 1370 бала дүниеге келді. Ал, көпбалалы отбасылар саны 4801 отбасын құрап отыр. «Алтын алқа», «Күміс алқа», алқаларымен марапатталған аналар қатары да жыл санап көбейе түсуде.

Бүгінде айдынды Арал жұртшылығы бір отбасындай еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып, мемлекетіміздің даму белестеріне лайықты үлестерін қосуда.

«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» демекші, мақтан етер ұрпағымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын! Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін. Әр үйде бақ қонып, қыдыр дарып, қуаныш пен шаттық шалқысын!
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

13 қыркүйек 2020 ж. 1 958 0