Еңбектен бақытын тапқан жан

«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар жөнінде айтылған ғой.
Еңбек еткенге бақыт басын иеді. Дайрабай Баймұратұлы 1965 жылы қаңтар айының 7-ші жұлдызында дүниеге келген. Ол қазіргі таңда Аманөткел елді мекенінің тұрғыны. Әкесі Жалғасбаев Баймұрат Жалғасбайұлы мен анасы Андақұлова Бәтима Жәдігерқызынан тараған көпбалалы отбасында тәрбиеленген. 1982 жылы орта мектепті бітіріп, 1983 жылы әскери борышын өтеуге аттанады. 1986 жылы туған жерге оралып, еңбек жолын ПМК-4 мекемесіне жүргізуші қызметінен бастаған. Сол жылдары жары Маханова Жәмила Әбілдақызымен кездесіп, отау құрған. Дайрабай Баймұратұлы 1988 жылы мұнай саласына ауысып, оператор қызметіне тағайындалады. 2000 жылдары қиындық туып, қызмет етіп жатқан мекеме ыдырай бастаған соң, қызмет жасау мақсатында, 2001 жылы жеке кәсібін ашып, ауылымыздан жанар жағармай құю бекектін ел игілігіне берді. Қосымша «Баймұрат» шаруа қожалығын ашып түйе, жылқы, сиыр малын өсіріп, өзі осы қожалыққа төрағалық етті.
Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт туралы тәмсілдер де, міне, осындай қолы ашық, жаны жомарт жампоздар жайында сыр шертеді. Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Біз тілге тиек етіп отырған Дайрабай Баймұратұлы да «елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі.
Қайырымдылық пен ізгіліктің ұйытқысы болып, аудан көлемінде үлгі көрсетіп жүрген азамат 2018 жылы ауылымыздан «Зере» бөбекжай бақшасын салып, желтоқсан айында пайдалануға берді. Арал ауданында, Аманөткел елді мекенінде жанар жағармай құю бекеттері халыққа үздіксіз қызмет жасауда. Ал өткен жылы Аманөткел ауылдық округіне қарасты, Ақшатау елді мекенінде негізгі мектепті заманауи үлгіде салып, кеше ғана пайдалануға берді. Бұл ғимаратты аймақ басшысы Н.Нәлібаев пен халық қалаулылары салтанатты жағдайда ашып, елдің батасын алды.
Ердос ЕСҚАЛИ,
Қорқыт ата ҚМУ 2 курс студенті