Ұлттық құндылық – ұрпақ игілігі
Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.Өйткені қазақ қоғамының діңгегі осы құндылықтарда. Біздің алдымызда бабаларының игі дәс¬түрін сақтайтын, күллі әлем¬ге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Отан¬шылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген тағылыммен сан ғасыр¬¬лар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне ен¬гізу арқылы ұлттың тұнып тұрған рухани байлығымен өскелең ұрпақты сусындату – басты парызымыз. Әрбір халықтың өмірінде ұлттық құндылықтардың алатын орны өзгеше.
Ұлтты ұйыстыратын тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілетін Ұлттық Құрылтайда үш жыл қатарынан қоғамдық құндылықтарды жаңғырту мақсатында маңызды қадамдар жасалды. Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан қаласында өткен екінші құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса мән берді. Әрине, бүгінгі интернет дәуірінде жас ұрпақтың әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатырғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл үрдістің қауіптілігін айта келе, жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтау және ұрпақ тәрбиесінеықпал ететін шараларға баса мән беру керектігін айтқан еді. Сонымен біргебілім мен тәлім-тәрбиенің ордасы мектепте баланың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қоғам болып атсалысуды, оқушылардың мектепті бітіргенде ең алдымен адал азамат болып шығуы қажет екендігіне кеңінен тоқталған болатын. Сондай-ақ жас өрендерге экологиялық тәрбие беру, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйрету және мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру, оқушылардың театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Міне, наурыз айында Атырау қаласында өткенҰлттық құрылтайдың үшінші жиынындаПрезидент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты да жаңашылдықта екені баршамызға анық нәрсе.
Дамыған озық мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән берілуде.Ал «адал азамат» ұғымы осының бәрін түгел қамтиды. Жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адамның бейнесі – жас ұрпаққа үлгі жол. Адалдық пен әділдікті бәрінен биік қою – басты міндетіміз. Мемлекет басшысының «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек» деген сөзі білім мен тәрбие саласының темірқазығы іспетті болды.
Жасұлан АЙТЖАНОВ,
Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің директоры,
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері