Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық қасиеттеріміз ұлықталды

Ұлттық қасиеттеріміз ұлықталды

Таяуда Арал аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарымызды келешек ұрпаққа үлгі ету мақсатында, қолөнер шеберлігі мен қоғамдағы қыз бала тәрбиесі туралы кездесу өтті.
Жиынды «Бойтұмар-Ханым» ҚБ төрайымы, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Рахима Қаржаубайқызы ашып, жүргізді. Р.Ахметова адам өміріндегі ата-ананың орнын түсіндіре отырып, сөз сөйледі:
Біз – жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан бас тартқан көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ дүние. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлап, оларға қамқорлық жасау – біздің ұлттық құндылықтарымыз. Әрине біз ата-балаларымыздан мұра болып жеткен ұлы құндылықтарды сақтап қалуға бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз дей отыра, бүгінгі аналар бас қосуында ұрпақ тәрбиесіндегі осал тұстарын айтпай кетпеске болмас. Ұлттың болашағы ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңіргенімізге байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күннің балалары бесіктен белі шықпай жатып ұялы телефонға құмар. Есін білгендері тик-ток әлеуметтік желісінің белсендісі, үлкендерінің арманы блогер болу. Өкінішке орай, қазіргі асығы мен жасығы араласып, сел болып жатқан ақпараттар ағыны ұрпақты баурап, тәрбиелейтін құралға айналып отыр. Сонымен бірге «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңды тәрбиеле. Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, соншалықты мазмұнды болмақ,–деп қыз тәрбиесі жөнінде де айтты.
«Шебердің қолы алтын» дейді халқымыз. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Иә, бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келеді. Ұлттық қолөнер, салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуге үлес қосып жүрген жандардың бірі – «Қарлығаш» шеберлер орталығының негізін салушы Қарлығаш Ильясова кездесу барысында мастер-класс өткізді. Жиналған қыз-келіншектерге өз қолынан жасаған түрлі туындыларын таныстырып, үлгі етті.   Қ.Ильясова бұқараға қолөнер – біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз екендігін түсіндірді.
Жиын соңында қыз-келіншектер отбасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ қолөнердің маңызы жайында пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
"Толқын" ақпарат
22 шілде 2022 ж. 3 252 0