Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұрпақ өсіру – ұлы жауапкершілік

Ұрпақ өсіру – ұлы жауапкершілік

Бірде сахабалардың бірі пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:– Уа, Алланың құлы, адамзаттың асылы, хазіреті Мұхаммед мен жақында перзентті болдым. Енді оның тәрбиесін қай кезден бастап қолға алсам болады? – деген сұрақ қояды. Сонда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с):
– Е, баланың өмірге келгені жақсы ғой. Алайда сен оның тәрбиесін қолға алудан кешігіп қалыпсың. Баланың тәрбиесін сонау анасының құрсағында жатқанда-ақ бастауың керек еді, – деп жауап қатқан екен.
Расында, тәрбиені көбі сәбидің шыр етіп дүниеге келу сәтінен басталмақ. Алайда тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке адамды қалыптастыру және оның жан-жақты толыққанды дамуын қамтамасыз ету болып табылатындықтан, балаға алдымен ата-ана өзінің салиқалы әрі адал тірлігімен үлгі болуы керек. Халқымыз «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілді бекер айтып қалдырмаған ғой. Әлем данышпандарының бірі Эпиктет «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген екен. Бұл жөнінде ұлы ақын Абай атамыз да «Адамның алған тәрбиесі үш ортаға байланысты болады екен. Ең алғашқысы – ата-анасы, екіншісі – ұстазы болса, соңғысы – өскен ортасы. Осы үш ортада баланың негізі жақсы қаланса, есейгенде өнегелі ұрпақ атанбақ», – деген.
Бала тәрбиесі отбасы мен балабақшадан басталса, оның ғылым мен білім әлемінде алғашқы сапары мектеп табалдырығынан аттауынан бастау алады. Бала мектеп табалдырығынан аттаған күннен бастап екі жақтан тәрбиелене бастайды. Бұл кезде ата-ана мен мұғалімнің тығыз байланыста болуы маңызды. Үйдегі тәрбие мен мектептегі тәрбие бір-бірін толықтырып, жетілдіріп отырса ғана бала тәрбиесінде белгілі бір нәтиже болмақ. Негізі, жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуында мектеп, қоғам және отбасы факторларының әсері зор. Бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мектептен басталады десек, сол мектеп өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі негізгі бастама болмақ.
Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі. Адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескірмейтін, қайта күн озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз үрдіс деп түсінеміз. Білім беру жүйесі алдында оқушыны ойлауға, алдынан шығатын түрлі мәселелерді шешуге қажетті әрекет тәсілдерін үйрету міндеті тұр. Тәрбие жұмысын жандандыруда белгілі бір үйлесімділік болмаса, іс алға баспайды. Ұрпақты тәрбиелеу – аға ұрпақтың мойнына жүктелетін тарихи парыз. Білім жолында ұлтына рухани байлық сыйлаған ұлы Абай, Ыбырай, Мағжандардың бала тәрбиесімен сабақтас ойларын жүзеге асыру керек-ақ. Мағжан: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны», – деген ой түйіндейді.
Әрине, көкірек көзі барлар тәлім алып, үмітіне сенім жалғап, мақсатына қанат байлап жатса арман бар ма? Өскелең ұрпақты ұлылыққа тәрбиелейтін асыл қазыналарымызды өркениетке бет алған қазақ жұртының болашағы – балаларға барынша үйретіп, бойына дарытсақ, ойын қорғасындай қорытсақ, намыс пен жігерін жани алсақ, білімді бекітсек, бұл ғасырда ешкімге есе жібермесіміз анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты – қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарында жеңіп шыға алатын, ізгілігімен XXI ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деп тұжырым жасады емес пе?! Демек ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттері қалыптасқан тұлға тәрбиелеу жолында біз қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдалануымыз керек. Себебі олардың болашағына салынған қаржы мен жігердің қайтарымы болмақ. Бұл ұстанымды берік ұстанған жан өз ұлтының келешегіне өзінің қолтаңбасын қалдырмақ.
С.Сансызбаева,
Шөмішкөл елді мекені
27 наурыз 2020 ж. 1 325 0