Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен ер сыйлы

Еңбегімен ер сыйлы

Осыдан бірер уақыт бұрын жолым түсіп Алматыға барған болатынмын. Аспанмен таласқан зәулім үйлердің бірінен үй жалдадық. Кешке қарай қаланы аралауға шыққанбыз. Үй арасындағы қоқыс төгетін жерден өте бергенде жас келіншектің баласына «сабақты жақсы оқымасаң осы қоқысты тазалайтын боласың, өзгелердің шашқан жерін сыпырып жүресің» деп айтып жатқанын құлағым шалды. «Иә, мама, мен өскенде бастық боламын, ақшаны көп табамын» деді баласы да оған қарап. Ішімнен сол жердегі тазалықшының бұл сөздерді естімегеніне бір жағынан қуанып, бір жағынан «неге қазір бәріміз соншалықты ақшаны жақсы көреміз» деген ойға қалдым.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы бекер емес. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Жастардың бойына дайын орындық пен мансаптың оңай келмейтінін, ең бастысы қай кезде де, қандай қызмет те де адал маңдай термен табылған табыстың мәнін ұғындыру керек.
«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады.
Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу қажет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, шынымен де, еңбек – адамның жетістігі. Ол біздің табиғатымыздан жанымыздың бір бөлшегі болып қалыптасқан қасиет. Қарапайым мысалмен алғанда біз пайдаланатын инеден бастап ұлы жаңалықтарға дейінгі ғажайып адам еңбегінің жемісі. Ол мейлі еден жуушы немесе ұлы ғалым, академик ашқан жаңалық болсын адамзатқа тигізер пайдасы мол болса, ол – еңбек етушінің жетістігі.
Рас, тіршілікте ақшасыз бір ісіміз бітпейді, тіпті қадам басуымыз да мұң. Дегенмен бұл енді өсіп келе жатқан жас баланың санасына білімді, іскер, адал табысымен адал ұрпақ тәрбиелеп отырған адамның имиджі костюм-шалбар киген, портфель ұстаған жан деп сіңіру заңсыздық. Ол тәрбиені көріп өскен баланың тазалықшы, электрик, құрылысшы сынды мамандардың еңбегін бағалауы қиындық тудырады. Сондықтан қай іспен айналысып, қоғамның қай сатысында тұрсаңыз да бастысы өз ісінің шебері, адал табыс табу жолында маңдай терін төккен азамат болып қалыптасу.
Бүгінде нағыз еңбек адамы көзге жұмысы көріне бермейтін әрі жалақысы да көңіл қуантпағанмен, «шын жүректен» беріліп жасайтын жұмысшы мамандар екенін енді-енді аңғара бастағандаймыз. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деп исі қазақ тауып айтқан. Бабалар аманаты болған ұлттың құндылығымызды арттыру үшін бізге бауырмалдық қажет. Оны жұмысы жоқтықтан арылып, екі қолға бір күрек асынған жандарды қолдаудан бастау керек. Сонда ғана елім деп еміренген жұртымыз да, болашақ жас өрен де нағыз еңбектің қадір-қасиетін ұғынатын болады.
Гүлмарал САҚТАПОВА
29 қыркүйек 2024 ж. 158 0