Маңдай тердің мерейі

Бұл кештің басты ерекшелігі – күнделікті өмірде көбіне көзге елене бермейтін, алайда қоғамның тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды жұмыстарды атқарып жүрген қарапайым еңбек иелерінің еңбегін ардақтау, құрметтеу, халық алдына шығарып, алғыс айту еді.
Шара қонақтары «Халық» ЖШС-нің Арал аудандық филиалының газет таратушысы, «Толқын» газетінің адал қызметкері, қоғамдағы ақпарат тасымалының күретамырына айналған баспасөзді елге уақтылы жеткізетін Дина Әбдікәрімқызы, «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры мекемесінің қызметкері, ауызсу – өмір тіршілігінің негізі болса, сол тіршілік көзінің үздіксіз әрі сапалы берілуіне жауапты жандардың бірі Сабира Мұстафақызы және Арал аудандық «Оқушылар үйінің» көп жылдан бері күзетші болып еңбек етіп келе жатқан Алпысбай Өтепбергенұлы болды.
Кеш шымылдығын қала әкімі Батыржан Жансерікұлының құттықтау сөзі ашты. Ол өз сөзінде еңбек адамының қоғамдағы рөліне, маңыздылығына ерекше тоқталып, келешек ұрпақ еңбекпен ғана биікке жететінін атап өтті. Сонымен қатар, осы кештің құрметті қонақтары ретінде шақырылған еңбек озаттарына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, шынайы қошемет көрсетілді.
Кеш барысында «Ақтолқын» би ансамблінің бүлдіршіндері мың бұралған әсем биімен көрермендерді тәнті етсе, мәдениет үйінің әншілері әуелете шырқаған әндер кештің көркемдігін арттыра түсті. Әуезді ән, шынайы сөз, жылы жүздесу – барлығы да көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Кешке жиналған қауым еңбек адамдарының қарапайым, бірақ қадірлі өміріне терең бойлап, шын жүректен шыққан алғыс пен құрметке толы әсерлі сәттерге куә болды. Қолының күшімен емес, жүрегінің тазалығымен адал еңбек етіп жүрген бұл жандар – шынайы құрметке лайық.
«Маңдай тердің мерейі» атты бұл тағылымды кеш – тек құрмет кеші ғана емес, нағыз тәрбие мен рухани байытудың, еңбекке деген құрметтің көркем көрінісі болды. Адал еңбектің қадірін білетін елдің болашағы – нұрлы, бағы – баянды болмақ. Еңбек адамын ұлықтаған бұл кеш – сондай үмітке жетелейтін рухты басқосу болды.
Г. САҚТАПОВА