Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірін халыққа арнаған ардақты жан

Өмірін халыққа арнаған ардақты жан

Қазан айының алғашқы күні – Қарттар күні. Бұл күн – бізге өмірдің талай белесін артта қалдырған, ұрпағына ақылымен, еңбегімен өнеге болған аға буынға құрмет көрсетудің мерекесі. Осындай ардақты қарттарымыздың бірі – елге еңбегімен танылған қаламгер, журналист, ұстаз Шәкірат Дәрмағамбетұлы.
Қазақ топырағында елін сүйіп, халқы үшін адал қызмет атқарған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – өмірін білім мен журналистикаға арнаған қаламгер, ардақты азамат Шәкірат Дәрмағамбетұлы. Оның ғұмыры – жас ұрпаққа өнеге, ал еңбегі – ел есінде мәңгі қалатын қазына.
1928 жылдың қысы. Сырдың бойындағы Қаратерең ауылында бір сәби дүние есігін ашты. Бұл – кейіннен елге еңбегі сіңген, ғұмырын хылқының сөзіне арнаған Шәкірат ақсақал еді. Әкесі еңбек майданына кетіп, отбасының ауыр жүгін арқалауға тура келген бала жастайынан төзімділік пен табандылықты үйренді.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы білімді бірінші орынға қойды. Жастайынан оқуға құштар болып, кейін Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих факультетін тәмамдады. Ұстаздық жолға түскенде ол әрбір шәкіртінің жүрегіне білім шырағын жағуға тырысты. Балаға сапалы білім мен ұлттық тәрбие беру маңызды екенін басты қағида етіп ұстанды.
Оның журналистикаға өтуі – маңызды кезең. Шәкірат Дәрмағамбетұлы қолына қалам алып, халықтың үніне де айналды. 1960 жылдан бастап "Социалистік Арал" (кейін "Толқын") газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Қазалы ауданындағы "Ленин туы" ( кейін Тұран Қазалы) газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. 1965 жылдан бастап "Ленин жолы" газеті (кейін "Сыр бойы") арқылы Арал мен Қазалы аудандарында меншікті тілші болып қызмет атқарды. Әр мақаласы – шындықтың айнасы, әр жолы – қоғамның тынысын жеткізетін үн болды. Қаламгердің өткір фельетондары да шынайы репортаждары да халық арасында кеңінен танылды. Ол ауылдағы қарапайым еңбек адамының қуанышы мен күйінішін, қоғам туралы да қаламын қозғай білді.
Шәкірат ақсақал тоқсаннан асып та қаламын тастамады. Ол үшін қарттық – әлсіздік емес, қайта даналықтың, өмір тәжірибесінің шыңы болды. Оның мақалаларынан қарт жүректің мейірімі, халыққа деген жанашырлығын сезіліп тұрады.
Қарттар күні – бізге Шәкірат ақсақал секілді қарттардың еңбегін еске алып, қадірін білуді үйрететін мереке. Өмірін халыққа арнаған қарияларымыз – тірі тарих, елдің қазынасы. Олар барда ұрпақ рухани бай, қоғам – берекелі.
Шәкірат Дәрмағамбетұлының ғұмыры – қарттарға деген құрметтің нақты бейнесі. Ол  елін сүйген адал азамат, қаламы арқылы халықтың сөзін сөйлеген шыншыл журналист. Қарттар күні осындай ардақты аға буынға тағзым етіп, олардың амандығын тілейтін ізгі мереке болып қала бермек.
А.НҰРЛАНОВА
30 қыркүйек 2025 ж. 53 0