Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАҢҒЫ ШЫҚ

ТАҢҒЫ ШЫҚ

Әлемнің жарығын жүрегіне сыйғызған ана, айналасына нұр таратқан ұстаз, тағылымды жолымен ұрпаққа өнеге қалдырған абзал жан – осындай асыл бейнені еске алғанда ойға ізгіліктің өзегі, еңбектің қасиеті, парасаттың өлшемі оралады. Өмірдің мәнін өзгеге жасаған жақсылығымен айқындап, ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған тұлғалардың ғибратты ғұмыры уақыт өткен сайын биіктей түседі.1945 жылы Сырдың құтты топырағында дүниеге келген Тазагүл сәби шағынан-ақ асыл әулеттің тәлімін бойына сіңіріп өсті. Әкесі – Сейтжан Сарышұлы, елге сыйлы, еңбегімен қадірлі жан, тыл ардагері, ауылдың шаруашылық тіршілігін өрге сүйреген қайраткер. Шариғат ілімін ұстанған Сарыш ишаннан бастау алған әулеттің өнегесі – еңбек пен руханияттың тоғысы болатын. Анасы – Збира Нұрқожақызы, шөмекейдің текті әулетінен шыққан, тағдырдың талайлы соқпағына төтеп беріп, он бір перзент тәрбиелеген қайсар ана. Батыр ананың өнегесі – отбасына да, ауылына да шамшырақ іспетті еді. Осындай текті әулетте өскен перзенттің болашағы да елге үлгі болары анық-ты.
Бала кезінен-ақ зерек, білімге құштар қыз ауылдағы жетіжылдық мектепті тәмамдап, Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білімін жалғастырды. Кейін Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп, ұстаздық жолға қадам басты. 1964 жылы №96 «Бозкөл» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбекке кірісті. Ізденгіштігі мен жауапкершілігі жас маманды көп ұзамай мектеп басшылығына жеткізді. 1967–1970 жылдары Абай атындағы ауылдағы №90 орта мектебінің директоры болып, ұстаздықпен қатар, мектептің дамуына, оқушылардың сапалы білім алуына күш салды. Бұл жылдары ол аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат ретінде қатысып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.
Қай жерде жүрсе де, бар болмысын шәкірт тәрбиесіне арнады. Тұрмысқа шығып, Арал қаласына қоныс аударған соң №15 мектепте ұстаздық етті, кейін М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде ұзақ жылдар бойы дәріс беріп, жас мамандарды қанаттандырды. Оқытушылықпен қатаррухани жетекші, өмірлік бағыт-бағдар беретін қамқоршы бола білді. Әрбір студентінің жүрегіне біліммен қоса адамдық ұрығын екті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, Абай мұрасын насихаттауды парыз санады. Осы жолда «Айтарым бар, ағайын» телехабарында, «Сыр ардагері» мен «Сыр бойы» газеттерінде жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар жайында мазмұнды мақалалар жариялады. Сонымен бірге облыс пен қала әкімшілігі, Білім, Мәдениет, Ішкі саясат, Тілдерді дамыту басқармалары және Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шараларда өз ойын ашық айтып, шешендігімен де танылды.
Еңбегі ескерусіз қалмады. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтары, облыс әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары, түрлі мерейтойлық медальдар – бәрі де елге сіңірген еңбегінің айғағы. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі, қоғамның сенімі, елдің құрметі еді.
Жеке өмірінде де өнегелі болды. Жар ретінде де, ана ретінде де, әпке ретінде де өз орнын даралай білді. Белгілі мемлекет қайраткері Тәкей Есетовтің жан жары бола жүріп, отбасылық ошағын қастерлеп, ағайын-туысқа тірек болды. Жүрек жылуымен, әйелдік парасатымен талай жанның алғысын алды.Өзінен кейінгі тоғыз сіңілісін жетелеп өсіріп, әрқайсысын бір-бір шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырды.
Ұрпақтары да Тәкей Есеетовтей әке мен Тазагүл апайдың жолын жалғады, үлкен қызы Айгүл Такеқызы – жоғары білімді, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болса, Айнұр Такеқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы консерваторияның оқытушысы. Ұлы Асқар Такеұлы– заңгер, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы. Әрбірі білім мен еңбекті серік етіп, елге қызмет етуде. Бұл да әке мен ананың сіңірген тәлімінің жемісі.
Жаны ізгілікке толы жанның бейнесі уақыт өткен сайын биіктей түседі. Шәкірттері мен әріптестерінің, туған-туыстарының жүрегінде ол – мейірім мен парасаттың символы. Сөзі де, ісі де, өмірлік ұстанымы да ешқашан өлмейді. Әр дәуірге бір осындай жан керек екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Қазақтың ұлы жазушысы айтқандай, әйелдің жанарынан артық күш жоқ. Жарқыраған көзінде мейірім мен талап қатар тоғысқан ұстаздың бейнесі шәкірттеріне мәңгілік шамшырақ болып қала береді. Әпке ретінде, ана ретінде, ұстаз ретінде, жар ретінде – өмірінің барлық қырында адалдық пен тазалықты ту еткен тұлғаның ғұмыры – өнегелі өмірдің нағыз үлгісі.
Биыл оның дүние есігін ашқанына 80 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл өңірдің мерейтойы. Өйткені ол – Сыр елінің мақтанышы, ұлт ұрпағын тәрбиелеуде елеулі еңбек еткен қайраткер. Жүрекке ізгілік ұялатып, білімнің шамшырағын жаққан абзал жанның ғибратты ғұмыры – ұрпаққа аманат.
Жылдар өткен сайын асыл бейнесі алыстамай, қайта жақындай түсуде. Мейірімге толы алақаны, зерделі сөзі, нұрлы жанары – барлығы естеліктерде жаңғырып, бүгінгі күнге де өнеге болып тұр. Шәкірттері мен ұрпағының жүрегінде ол мәңгі жасайды. Өмірін ізгілікке арнаған ұстаздың ғұмыр шамы ешқашан сөнбек емес.

Г.ӘЛНИЯЗИНА
07 қыркүйек 2025 ж. 188 0