Даналық зереден, даралық Абайдан

Ананың әлдиінен ұлы ойға
Кештің басты мақсаты – Абайдың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен аналар – Зере әже мен Ұлжан ананың ұлағатын дәріптеу, ұлттық болмыс пен ата-ана тәрбиесінің мәнін ұғындыру, отбасындағы рухани құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу болды.
Зере – ел ішінде «кәрі әже» деп аталған, парасатты, көргенді, сөзі мен ісі үйлескен бәйбіше. Оның тәрбиелік сөздері, ертегі-аңыздары, бата-тілектері жас Абайдың жанына ізгілік дәнін септі. Ал Ұлжан – сыпайы, салиқалы, әдепті, кең мінезді ана. Ұлжанның сабырлы мейірімі мен Зеренің асыл ақылы ұлы ақынның ой-өрісін кеңейтіп, жүрегіне адамгершілік пен имандылық өрбітті.
Әдеби сахналар мен рухани сұхбаттар
Кеш аясында «Абай жолы» романынан үзінділер оқылып, Зере мен Ұлжан бейнесіндегі тәрбиелік мәні жоғары диалогтар сахналанды. Көріністерден көрермендер Абайдың балалық шағындағы тәрбиелік сәттерді, әженің ертегісі мен ананың мейірімін көз алдына елестетті.
Сонымен қатар, отбасы құндылықтары, ұлттық сана, әже тәрбиесі туралы коучинг-сұхбат ұйымдастырылып, «Қазіргі Зере немересіне не дер еді?» деген мазмұнды сауал төңірегінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар бүгінгі заман баласына, әлеуметтік желінің ықпалындағы ұрпаққа, ата-әже тәрбиесін қалай жеткізу керектігі туралы ойларын ортаға салды.

Ән мен жыр – рухтың ажырамас бөлігі
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған бұл кеш – ұлттық өнеріміздің, рухымыздың, сөзіміз бен сазымыздың үндескен мерекесіне айналды. Арал аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары дәстүрлі әндер мен терме-жырлар орындап, көрермен жүрегіне ұлттық рух сыйлады. Терең сырлы әуендер мен жырлар кештің шырайын кіргізіп, Абай дәуірінің тынысын сездірді.
Абайдың өмірінен бір үзік сыр
Абай Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Шыңғыстау өңірінде дүниеге келген. Әжесі Зеренің бауырында өсіп, анасы Ұлжаннан мейірім көріп, жасынан халық ауыз әдебиетімен, ел аңыздарымен сусындады. Бұл – оның сөз өнеріне құштарлығын оятқан алғашқы мектеп еді. Кейіннен Семейдегі медреседе білім алып, шығыс әдебиетімен, орыс және еуропа мәдениетімен танысып, өз халқының рухани әлемін жаңа биікке көтерді.
Абай – өлеңдері мен қара сөздерінде адамгершілік, әділет, білім, еңбек, бірлік тақырыптарын терең толғаған ойшыл. Оның «толық адам» концепциясы бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті. Ал бұл ұлы ойлардың бастауында ананың әлдиі, әженің ертегісі тұрғаны сөзсіз.
Ұрпаққа ұлағат
Кеш соңында қатысушылар Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылығынан алар тағылым көп екенін атап өтті. Бұл тағылымды шара – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы – отбасы, ананың ақылы, әженің даналығы екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Зере мен Ұлжаннан бастау алған мейірім мен парасаттың жемісі – Абайдың ғұмырлық мұрасы. Ал сол мұра – біз үшін баға жетпес рухани қазына, ұрпаққа жол көрсететін мәңгілік шамшырақ.
Г.ӘЛНИЯЗИНА