Хакімге оралу – болашаққа жол
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп дана Абайдың өзі айтқандай, оның артына қалдырған асыл мұрасы – халықтың рухани қазынасы. Биылғы жыл қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен ерекшеленіп, ауқымды шаралар республика көлемінде атап өтілуде. Осы бағытта аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен де Руханият орталығының конференция залында «Абайға оралу – болашаққа жол» атты әдеби қазба кеші болып өтті.
Шараның басты мақсаты – Абай мұрасын жаңаша қырынан танып, оның даналық ойларын заманауи қоғаммен сабақтастыру, жастарды адамгершілікке, ізгілікке, білім мен өнерге баулу. Өйткені «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге» деген Сұлтанмахмұт сөзі бүгінде де өзекті.
Кештің ерекше тұсы сахналық прологпен ашылуы болды. Театрландырылған көріністе Абайдың адам болмысына, рух пен санаға, ішкі жан дүниенің тұтастығына қатысты терең ойлары сахна шеберлерінің орындауында көрерменнің жүрегіне жол тартты. Ұлы ойшылдың 17-қара сөзінде жазылған «Ақыл, Қайрат, Жүрек» атты үш қасиеттің дауласуы арқылы адамгершілік пен толық адам концепциясы сахналық шеберлікпен сипатталып, тереңдікке жетеледі.
Әдеби кеш аясында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріне терең талдау жасалып, «Абай – бүгінгі өмір айнасы» атты TEDx форматындағы жастардың ойтолғаулары тыңдалды. Жастар өз заманы мен Абай дүниетанымын салыстыра отырып, ақынның идеялары бүгінгі қоғам үшін де өзекті екендігін дәлелдей білді.
Шарада Абай шығармаларын мәнерлеп оқу, әндерін орындау, Абай нақылдарына негізделген пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, көрерменмен өзара рухани байланыс орнады. Қатысушылар ақын сөзінен түйгендерін, өз өмірімен байланыстырған ойларын ашық жеткізіп, Абайша ойланудың мән-маңызын талқылады.
Абай «Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан…» деп, өнер мен шеберлікті алға қойған. Сол өнер мен руханияттың ұштасқан тұсында сахна төріне шыққан тағы бір ерекше жандар – ұлы ақынның атын иеленген замандастарымыз болды. Олар Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторының орынбасары Абай Елеш, №20 спорт мектебінің бокс жаттықтырушысы Абай Қуанышбаев, №262 мектептің 6-сынып оқушысы Абай Мырзабаев, №200 мектептің 9-сынып оқушысы Абай Еркінұлы, Жақсықылыш елді мекенінің тұрғыны, 7-сынып оқушысы Абай Серіков сахнаға шығып, Абай есіміне деген құрметтері мен жауапкершіліктерін өнері арқылы танытты. Олардың әрқайсысы – Абай мұрасын бойына сіңіріп, оны өмірімен дәлелдеуге талпынған өскелең ұрпақтың жарқын бейнесі.
«Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп Абай айтқандай, терең ойды көркем сөзбен жеткізу шеберлік пен жүрек тазалығын қажет етеді. Бұл кеште көркем сөз бен әуен, күй мен ойдың тоғысында саналы пайымдар туындады.
Арал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмабай Жақып Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» шығармасына арналған күйді орындап, Абайдың музыкаға деген нәзік талғамын шебер жеткізді. Шеберлік Абайдың тек ақын емес, сазгер, өнердің нағыз жанашыры екенінің тағы бір дәлелі.
Кеш барысында ақын, журналист, мәдениет қайраткері Оңталап Базаралиев, «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов Абай рухына арнаған жүрекжарды жыр шумақтарын оқып, поэзия әлеміне терең бойлатса, белсенді оқырмандар Гүлсая Әбекенова мен Мерей Төремұрат Абай өлеңдерін жүрекпен оқып, көрерменді тебірентті.
Кеш соңында жас поэзия ақыны Айгүл Темірбай мен №220 мектептің мұғалімі Дархан Аманжолов Абайдың даналық мұрасын қазіргі заманмен сабақтастырып, оның өсиеттерінің бүгінгі күнге бағыт-бағдар екенін дәлелдей білді.
Абай – бір ғана дәуірдің емес, бүкіл адамзаттың ақыны. Оның сөзі – темірқазық, ойы – өмірлік бағдар, мұрасы – сарқылмас рухани қазына. Ақын аманатын арқалаған әрбір жүрек – Абай жолының жалғасындай.
Г. САҚТАПОВАфото: автордан