Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «АБАЙ. ТАРИХ. ТҰЛҒА»

«АБАЙ. ТАРИХ. ТҰЛҒА»

Елімізде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы Президент Жарлығы шығып, жалпыреспубликалық жоспар бекітілді. Соған сәйкес ел көлемінде елеулі мәдени шаралар өткізілуде. Абайды танып-білу, данышпанның дүниетанымына үңілу – бар қазақтың мақсаты болмақ.Осыған орай, бүгін аудандық мәдениет үйінде қазақтың бас ақыны, ағартушы, композитор Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының аудандағы салтанатты ашылуы өтті. 
Шараға қатысушыларға алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап көрмесі таныстырылды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып: -«Ұлы Абайдың 175 жылдығы – маңызды саяси шаралардың бірі. Абай дүниетанымы – ұлттың рухани игілігі. Сондықтан да, ішкі түйсік пен ой-өрісімізді дамытуда Абайды айналып өту мүмкін емес. Ақынның мерейтойы өнегелі, өміршең жобалармен есте қалары анық. Дүйім ел, тұтас ұрпақ буыны үшін тағылымды маңызы зор, тәрбиелік мәні жоғары осындай шаралар бүгінгі буынның Отаншылдық рухына дем беріп, ұлтты ұйыстыратын, жасампаз істерге жұмылдыратын рухани маңызы зор мәдени мұраға айналуына тілектеспін»- деп лебізін білдірді.
Шара барысында көркем сөз бен ойлы өлеңнің реформаторы, жаңа замандағы жазба әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың жастық шағы жайлы театрландырылған қойылымдар мен ақын бейнесі сомдалған көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары Абайдың ақындық мұрасына қосылған бағалы қазынасы – қара сөздерін, философиялық ой-толғаныстары мен өлеңдерін нақышына келтіре орындады.
Мерекелік шарада ақынның халыққа танымал «Айттым сәлем Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегізаяқ», «Жарқ етпес қара көңілім» сынды әндері аудан өнерпаздарының орындауында айтылып, жырлары Сыр мақамдарына келтіріліп шырқалды.
25 ақпан 2020 ж. 1 089 0