Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай мұрасы – ғасырлар қазынасы

Абай мұрасы – ғасырлар қазынасы

   Биыл елімізде қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілмек. Ұлтының ұлы адамдарын ұлықтай алған мемлекет алысқа көз тігетіні айтпаса да түсінікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хакімнің биылғы мерейтойын атап өту жайлы мақаласында мардымды ойларымен бөлісіп, ел мен елдік туралы пайымдарын ортаға салды.   Президент мақаласынан айқын түсінгеніміз биылғы жылды тек той тойлау емес, сонымен бірге кемеңгер Абайдың қуатты ойларымен сусындайтын, тәлім алатын жылға айналдыру. Себебі Абай өлеңдері мен ғақлияларында тұтас ұлтқа бағдаршам болатын сәуле бар.Ұлы тұлғаның ұлағатты ойларын мемлекеттік идеологияға айналдыру арқылы да қоғамды түзей алар едік. Президент өз мақаласында осыған маңыз берген. Яғни хакімнің ескірмес ойлары қазіргі тіпті бұдан кейінгі жүзжылдықтарда да  біздің қоғамның кем-кетігін түзей алатын ұлы хикмет. Бұл пікірімізді Елбасының «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген сөзімен нығырлай түссек болады.   Әрине ұлы ақынның мерейтойын атап өтуді құр шөппен ауыз сүрткендей ете алмаймыз. Нақты шара мен мақсатты жұмыстар ғана мерейтойдың маңызын аша түседі. Президент мақаласында жыл көлемінде жүргізілетін шаралар легі баяндалған. Халықаралық конференциялар, ғылыми-танымдық жиындар Абай феноменін, хакім сырын ғылыми тұрғыдан одан әрі аша түседі. Сондай-ақ ақынның туған жеріндегі тарихи-мәдени шаралар, музей жаңғырту мен жаңа ғимараттар салу, ақынның асыл мұрасын дәріптеу көзделіп отыр. Соның ішінде "Абай" телесериалын түсіру ұрпақты тәрбиелеудің тетігі болар еді деп ойлаймын.
Нұралы Оспанов,
Арал ауданының құрметті азаматы.
09 қаңтар 2020 ж. 966 0