Абайға оралу – болашаққа жол

Әсерлі прологтан бастау алған кеште Ұлы ақынның 17-ші қара сөзі сахналық шеберлікпен сомдалды.
Әдеби қазба кеші Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріне әдеби шолу, TEDx форматындағы жастардың «Абай – бүгінгі өмір айнасы» ой толғауы, ақынның шығармаларын мәнерлеп оқу, әндерін орындау, Абай нақылдарына құрылған пікір алмасу алаңы, көрерменмен өзара сұхбат арқылы рухани байланыс орнату бағытында өткізілді.
Бүгінгі шараның ерекшелігі ұлы есімді иеленген адамдардың қонақта болуы. Бұл – ұрпақ сабақтастығының, рухани мұраның жалғасып жатқанының айғағы. Сахна төріне ұлы ақынның есімімен аттас: Арал ауданының «Толқын» газетінің Бас редакторының орынбасары Абай Елеш, №20 спорт мектепте бокс бөлімінің 1 санатты жаттықтырушысы Абай Куанышбаев, №262 мектеп-гимгназиясының 6 сынып оқушысы Мырзабаев Абай, Құмбазар ауылының тұрғыны, №200 сынып оқушысы Еркінұлы Абай, Жақсықылыш елді мекенінің тұрғыны, 7 сынып оқушысы Серіков Абай шығып, Абай есімін жауапкершілікпен арқалап жүргенін және мақтан ететінін жеткізді.
Абайдың күйге деген талғамы – оның рухани тереңдігін көрсететін тағы бір қыры дей отырып, Арал ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жақып Жұмабай ұлы ақынға арнаған «Қараңғы түнде тау қалғып» күйін орындады.
Жергілікті ақын, журналист әрі мәдениет қайраткері Базаралиев Оңталап Ералыұлы, аудандық «Толқын» газетінің Бас редакторы Сайлауов Айдар Абайдың 180 жылдығына орай өз жүрек жарды жыр шумағын ақтарса, оқырмандар тарапынан Төремұрат Мерей, Әбекенова Гүлсая Абайдың өлеңдерін жүрек тебіренте орындады.
Кеш соңында шараға қатысушы ақын Темірбай Айгүл, №220 орта мектептің мұғалімі Аманжолов Дархан Абайдың даналық мұрасын жүрекпен сезініп, оның ой-тұжырымдарын қазіргі өмірмен байланыстыра келе, өз ойларын ортаға салды.

