Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылы кен қария

Ақылы кен қария

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢБЕК АДАМЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛУГЕ ТИІС. ӘСІРЕСЕ ҰСТАЗ, ДӘРІГЕР, ТӘРТІП САҚШЫСЫ, ҚҰТҚАРУШЫ, ЖҰМЫСШЫ, ШАРУА СИЯҚТЫ МАМАНДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІН ОДАН ӘРІ АРТТЫРА ТҮСУІМІЗ ҚАЖЕТ. ОЛАР ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ СЫЙЛЫ АЗАМАТТАРҒА АЙНАЛУЫ КЕРЕК. ОСЫ КӘСІП ИЕЛЕРІ ТИІСТІ ҚҰРМЕТ ПЕН СЫЙҒА ИЕ БОЛҒАНДА ҒАНА, ҚОҒАМЫМЫЗ ШЫНЫМЕН ЖАҢАРДЫ ДЕП АЙТА АЛАМЫЗ» ДЕГЕН БОЛАТЫН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ САЛТАНАТТЫ ҰЛЫҚТАУ ШАРАСЫНДА. РАСЫНДА ЕҢБЕК АДАМЫНА КӨРСЕТІЛЕР ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНА АЙРЫҚША СЕРПІН БЕРЕДІ. ЕНДЕШЕ БІЗ ДЕ ЕҢБЕК АДАМЫН КӨПКЕ ҮЛГІ ЕТКЕНДІ ЖӨН ДЕП ТАПТЫҚ.Адам өмірден үйреніп, жақсы мен жаманның дәмін татып барып, кең арналы жолға түседі. Санасында сәуле болса, оқып-тоқып алған білімі халықтан, сол халықтың адал да ақпейіл ұл-қызынан көргені, үйренгені игілікке, абыройға айналады. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Бүгінде қоғамның айнасы, көкейінде көргені мен түйгені мол қазыналы қарттар жетерлік. Олардың бар екендігі көңілге медеу. Құрметке лайық сондай жандардың қатарында бүгінгі кейіпкеріміз, аяулы анамыз Айпатша Қапарова да бар. Айпатша Жамалқызы 1940 жылы Арал ауданы, Бөген елді мекенінде дүниеге келді. Ол 1940 жылы қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүние есігін ашады. Атаанасының аялы алақанында мейірім мен жылуға уайымсыз шомылып өскен бүлдіршін бала Айпатша өз ауылындағы Бөген орта мектебінің қабырғасына оқушы болып қабылданып, оқуын тәмамдағанға дейін ардақты ұстаздарының қолынан білімнің қайнар бұлағынан қанып ішіп, орнықты мінезі мен үздік тәртібінің арқасында өз қатарластарының алдыңғы сапынан көрініп жүрді. Алтын ұя мектебін абыроймен аяқтап, арманның жетегінде үлкен өмірдің табалдырығын нық сеніммен аттайды.1966 жылы Қосжар балық өсіру питомнигінің ашылуына байланысты отбасымен осы ауылға қоныс аударды. Осы ауылға көшіп келгеннен соң 1966-1992 жылдар аралығында Арал ауданы, Қамбаш сауда кооперациясына қарасты Қосжар елді мекенінде сауда саласында еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетті. Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болған Айпатша анамыз 1981-1985 жылдары ауылдық кеңесте депутаттық міндеттерін атқарды. Айпатша анамыз 1967-1991 жылдар аралығында ауылдың аралас дүкенінде абыройлы еңбек атқарып, зейнеттік демалысқа шықты. Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болған жан елін сүйді. Халқына қалтқысыз қызмет етті, ата-анасының батасын алды, асыл жарын аялады. Балапандарын шексіз аналық махаббатқа бөледі. Қай жерде де адал қызмет етіп, кісілік келбетін таныта білді. Әр тасы тарихқа тұнған, қос шетіне жеткенше құс қанаты талатын дархан даламызда дана перзенттер көп. Қызығы ме шыжығы қатар жүретін, жұмбағы көп жалған дүниеде жақсылардың қимасына айналған өнегесі мол дарабоздар баршылық. Бар саналы ғұмырын адал еңбек пен өнегелі отбасына арнаған жолдасы Қапаров Әбжәми осы санатқа жататын дара тұлға. Ақ жүректі, сыйласқан жанмен жақсы қарым-қатынас жасауға бейім тұратын атпалдай асыл адамның бойындағы қуаты, жанындағы жігері көпшілікке үлгі болғаны анық. Ал адалдығы мен имандылығы жүзінен аңғарылып тұратын ардақты кісі аталған мекемеде бас механик болып қызмет жасады. Және кәсіподақ комитетінің төрағасы міндетін де атқарды. Тек бір өкініштісі, Әбжәми Қапаров әкеміздің ғұмыры қысқа болды. Халқымыздың тамыры тереңнен бастау алатын тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы. Осындай байлыққа ие болып, шырағы маздаған жанұяның берекелі тірлігі көпке үлгі. Алысжақын аймақтағы адамдармен жақсы араласып, баршасымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, жатырқауды, жатсынуды білмеген еңбек адамына жүрегіне жанашыр жан дана кеңесші бола алды. Кез келген жағдайда көмекке әрқашан дайын, жан-жағына мейірімін төгіп, салиқалы ақылын беріп отыратын аяулы ана көпшіліктің көңіл көкжиегінен орын ала білді. Табан тіреген жерлерінде атымтай жомарттығымен, жұмсақ мінезімен аяулы ана үлкенкішінің алғысына кенеліп жүрді. Соңынан ерген үлгілі ұрпағының көктегі құстай қанат жайып, жердегі талдай тереңге тамыр жаюы сол ізгі істерінің игілігі еді. Иә, Айпатша Қапарова тамыры тереңге айналып, өсіп-өнген үлкен шаңырақтың түпқазығы. Ұядай ұйысқан, берекесі мен бірлігі тоғысқан үлкен отбасының шамшырағы. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, аяулы ата-анадан 5 перзент өсіп өнді. Жақсы әке мен жүрегі мейірбандыққа толы ананың қамқорлығы арқасында әрқайсысы өмірден өз орындарын тапқан. Олар қазір егемен еліміздің іргетасы берік болуына өз салалары бойынша сүбелі үлес қосып келеді. «Тектіден текті туады, тектілік негіз қуады» деген сөз бар қазақта. Бүгінде марқұм әкеміз Әбжәми Қапаров және аяулы анамыз Айпатшаның бауырынан өрбіген ұрпақтарынан немере мен шөбере өсіп өркендеуде. Қазірде 5 перзенттің бірі басшылық қызметте, бірі білікті ұстаз, бірі қаржыгер және бірі су саласының маманы. Айпатша анамыздың еңбекқорлығы, адалдығы, көпшілдігі секілді асыл қасиеті жас буынға өнеге.

А.САРТМАНБЕТ
29 қараша 2022 ж. 451 0