Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалғызбасты аналардың жанына жалау болған

Жалғызбасты аналардың жанына жалау болған

Қызылорда қаласының тұрғыны, 34 жастағы жеке кәсіпкер Мағжан Нәлібаевтың перзентханадан күтетін ешкімі жоқ жалғызбасты аналарды шығарып алатыны әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің сүйіспеншілігін туғызды.
Өзара әңгіме барысында кейіпкеріміз ерекше идеяның қайдан келгенін айтып берді.
– Былтыр күзде жолдас жігіттің келіншегін перзентханадан шығарып алуға барғанбыз. Сол кезде бір әйелдің жаңа туған баласын көтеріп, аулада жалғыз өзі кетіп бара жатқан көзім шалды. Аяғында сүйретпе, бетперде тағып алған. Көңіл-күйі жоқ екені анық көрініп тұр. Жылаған сияқты. Ескі алдына тоқтаған таксиге мінді де кетіп қалды. Жұрт балаға жете алмай жүр, мұны ешкім күтіп алмағаны қалай деп ойланып қалдым. Перзентханаға кіріп, досымның келіншегін рәсімін жасап шығарып алдық. Сол сәтті Tik-Tok әлеуметтік желісіне салып, әлгі жағдайға байланысты әсерімді бөлістім. Арада бір апта өткенде соны көрген қыздардың бірі «танысымды перзентханадан шығарып алуға көмектесесіз бе, ақшасын беремін» деп хат жазып жіберіпті. Айтуынша, туыстары ауылда тұрады, шығарып алуға келу-келмеуі белгісіз. «Ештеңе керек емес, қолымнан келгенше күтіп алайын» деп жауап бердім. Қашан шығатынын сұрап алдым да сол күні түстен кейін перзентханаға бардым. Расымен, оны перзентхана алдында ешкім күтіп алмады. Апарған бір десте гүлім мен жөргегімді ұсынып, өздерін көлікке отырғыздым да үйіне дейін жеткізіп салдым. Кім екенін, неге мұндай күйге түсті, ештеңе сұрамадым, – деді Мағжан Нәлібаев.
Кейіпкеріміз бірақ бұл туралы әлеуметтік желіге жарияламаған, ешкімге тіс жармаған. Әйтсе де алдыңғы бейнежазбаны көріп хабарласатындар әлі де аз емес екен. Бір сөзбен айтқанда мұқтаж адамдар мұны өзі іздеп табады. Оның жоқ-жітікке көмектесіп жүргені бүгін ғана емес. Жастығына қарамастан талай жанға көмегі тиіп үлгерген. Жеті-сегіз отбасыны тұрақты түрде қамқорлығына алған. Ал жалғызбасты аналарға жасап жүрген қамқорлығын әлеуметтік желіге сол жас аналардың бірі жариялаған. Содан бері ақшалай, заттай көмек сұрайтындар көбейген.
– Адамдарға ақшалай көмектесуді құп көрмеймін. Өйткені кімнің шын, кімнің өтірік айтып тұрғанын ажырата алмайсың. Кейбіреулер тіпті міндетсінеді. Оларға айтқым келетіні, мен қайырымдылық қоры емеспін. Ал азық-түлік сұрағандарға жәрдемдесуден бас тартпаймын, – деді ол.
Кейіпкеріміз бойдақ. Оның жас аналарға қолдауын керісінше түсінетіндер жоқ емес. Тек мін іздеп үйренген хейтерлердің теріс пікірін бірақ елеусіз қалдырады екен.
– «Өзің бүлдіріп алып, енді көмектесіп жүрсің бе?» деп жазатындар бар. Бірақ ондай сөзді елемеймін, жауап та бермеймін. Қайсыбірінің аузын жабамын. Арым таза. Жұрт алдында ақталуға міндетті емеспін. Маған қолдау білдіріп, «бір көмегім болсын, ақша қосайын» дейтіндер кездеседі, бірақ өзім қабылдамаймын. Кейбір қыздар бала қырқынан шыққанға дейін жалғызбасты аналардың қасында болып, көмектесе алатынын айтады. Тіпті бір бауырымыз «музыкалық сүйемелдеу менен болсын» деп жазып жіберіпті. Перзентхана думандататын жер емес. Біреудің баласы шетінеген болуы, бірінің баласы ауру болып дүниеге келген болуы мүмкін, – деді Мағжан Нәлібаев.
Назерке Саниязова

syrboyi.kz
25 ақпан 2026 ж. 115 0