Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Анаға тағзым» орталығында кездесу өтті

«Анаға тағзым» орталығында кездесу өтті

Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» бастамасы аясында «Анаға тағзым» орталығында жаңа Ата заң жобасының мазмұнын түсіндіруге арналған кездесу өткізді. Жиынға коалиция мүшелері Гүлшат Мұсаева, Нұридин Амитов, Фарида Қалиева және Майра Боранбаева қатысып, конституциялық реформаның өзекті бағыттарына кеңінен тоқталды.

Кездесу барысында Гүлшат Исақызы ең алдымен жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағдарланған мемлекет қағидаты екені атап өтті. Жобаға сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалады. Бұл – әділеттілік, заң үстемдігі және тәртіп қағидаттарын нақты іске асыруға бағытталған қадам. Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекеттің құндылықтық бағдарына айналатыны айтылды.

Жиында Нұридин Егенбердіұлы саяси жүйедегі маңызды өзгерістерге де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтай құру ұсынысы, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу, сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Бұл тетіктер азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтіп, өкілді демократияны күшейтуге бағытталғанын айтты.

Коалиция өкілдері жаңа Конституцияда ұлттық бірегейлік пен егемендік мәселесіне де айрықша мән берілгенін жеткізді. Мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы, тәуелсіздігі өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Сонымен қатар, қазақ тілінің мәртебесі, ұлттық валюта – теңгенің конституциялық деңгейде айқындалуы елдің саяси-экономикалық егемендігін нығайтатын нормалар ретінде бағаланды.

Жаңа жоба адами капиталды дамытуға басымдық береді. Білім, ғылым, мәдениет және инновациялар стратегиялық бағыт ретінде бекітіледі. Бұл – Қазақстанның болашағы табиғи ресурстармен емес, зияткерлік әлеуетпен айқындалатынын білдіретін түбегейлі бетбұрыс. Сонымен бірге, цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтарын қорғау нормалары алғаш рет конституциялық деңгейде қарастырылып отыр.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы – кең қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін, онда халықтан түскен мыңдаған ұсыныс ескерілгенін айтты. Коалиция өкілдері алдағы референдум – ел болашағына қатысты тарихи шешім екенін атап өтіп, азаматтарды белсенділік танытуға шақырды.
03 наурыз 2026 ж. 70 0