Жастар өкілдеріне жаңа Конституция жобасының мазмұны түсіндірілді
Арал ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясы жастармен ауқымды кездесу ұйымдастырды. Басқосудың басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіру, реформаның қоғам дамуына ықпалын талқылау және жас буынның ұсыныс-пікірін тыңдау болды.
Кездесуге аумақтық коалиция төрағасы Төрахметов Базарбай Шөменұлы, коалиция мүшелері Жоланов Алдаберген Алдиярұлы, Қанатов Талғат Мырзағұлұлы, Ибраимова Лаура Қолғанатқызы және Сұлтаниязов Берік Бақытұлы қатысты. Жиынға ауданның белсенді жастары, жас мамандар мен жиналып, өзара пікір алмасу алаңы қалыптасты.
Коалиция төрағасы өз сөзінде Конституция – мемлекеттің басты құжаты екенін атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістер ел болашағына тікелей әсер ететінін айтты. Оның айтуынша, жаңа жоба қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Коалиция мүшелері де сөз алып, Конституциялық реформаның мазмұнына жеке-жеке тоқталды. Олар билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту секілді бастамалардың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында адамның құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде қарастырылатыны, әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарының нақты бекітілетіні баяндалды. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік күшейіп, азаматтардың бастамаларына қолдау көрсету тетіктері арта түсетіні де айтылды.
Кездесу соңында жастар реформаны қолдайтындарын білдіріп, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғам мен жастар арасындағы сенімді нығайтады.
#АМАНАТ










