Қазалы ауданында педагогтармен референдум мәселесі талқыланды
Жиын барысында 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдум және жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жөнінде ақпарат берілді.
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов референдумды өткізу тәртібі мен Конституция жобасын әзірлеу кезеңдері туралы мәлімет берді.
«Жоба Конституциялық комиссия мен жұмыс топтарының талқылауынан өтті. Қоғам тарапынан түскен ұсыныстар жүйеленіп, құжат мазмұнына енгізілді. Референдум – азаматтардың өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі», – деді ол.
Өңірлік коалиция мүшелері Садық Мұстафа мен Ержан Искендер де сөз сөйлеп, жоба аясында қарастырылған өзгерістердің түрлі салаларға, соның ішінде білім беру жүйесіне қатысты тұстарына тоқталды.
«Конституция жобасында білім беру саласына қатысты нормалар нақтыланған. Кездесудің мақсаты – педагогтарға құжат мазмұнын түсіндіру және туындаған сұрақтарға жауап беру», – деді Садық Мұстафа.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, осындай форматтағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.









