Анаға құрмет – қоғамға құрмет
Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада аудан әкімі Ардақ Ибраимов барша жалағаштық аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.«Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің мейірім мен қамқорлыққа толы жүректеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз бен даналықтарыңыз қоғамымыздың дамуына айрықша үлес қосып келеді. Сіздер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарсыздар. Біз, ер азаматтар, сіздердің ауыр да жауапты еңбектеріңізге әрдайым құрметпен қараймыз және шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Көктемнің қырмызы гүліндей құлпырып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер. Осы мерейлі мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін», – деді А.Ибраимов.
Қазіргі таңда ауданымызда 1642 көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 374 ана «Алтын алқа», 594 ана «Күміс алқа» иегері. Сонымен қатар, 37 батыр ана мен 45 ана «Ана даңқы» орденімен марапатталған.
«Ұлағатты аналар» кеңесі ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Кеңес өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, аналар мен қыз-келіншектердің құқықтарын қорғауда ерекше рөл атқаруда.
Мерекелік жиын барысында әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер мен ардагер аналар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімінің статист маманы Райкүл Оманова мен Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің директоры Айнұр Мыхановаға «Жалағаш ауданының Құрмет грамотасы» табысталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар мен өнерлі жастар өздерінің шығармашылық қойылымдарымен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
kyzylorda-news.kz










