Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ару әйел – әлем сымбаты

Ару әйел – әлем сымбаты

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді.
Аудандық мәдениет үйінде “Әлемді әлдилеген – Ана» атты мерекелік кеш өткізілді. Мерекелік шараның шымылдығы әйел-ананың қадір-қасиетін ұлықтайтын сахналық қойылыммен түрілді.

Салтанатты шарада аудан әкімі С. Сермағамбетов сөз алып, барша аналар мен әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтады:
- «Баршаңызды ару көктемнің арайлы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің аналарымыз - жарқын істерді бастаушы, ел бірлігінің ұйытқысы. Кейінгі толқын да осынау игі дәстүрді лайықты жалғастыруда. Қоғамның түрлі саласындағы жетістіктерде нәзік жандылардың қарымды үлесі бар екені ақиқат. Ізгі ниет пен сұлулыққа, сырбаз сезім мен сыйластыққа толы бұл мереке жан-дүниені жадыратып, жүректерге жылу береді. Мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін. Әрдайым жадырап, гүлдей құлпырып жүре бергейсіздер!»- деп ізгі лебізін жеткізді.

Одан соң түрлі салада елеулі қызмет етіп, белсенділігімен ерекшеленіп, үздік деп танылған бірқатар нәзік жандыларға аудан әкімінің құттықтауы табысталды.

Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында өрбіп, әйелдер қауымын үлкен қуанышқа бөледі.



"Толқын" ақпарат

06 наурыз 2022 ж. 445 0