Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық Аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді

Аралдық Аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді

Қай кезде де әрбір халық үшін әйел жанының жылылығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген бір ауыз сөзден әйел-аналардың қандай құрметке лайық екенін анық аңғара аламыз.
Иә, 8 наурыз – осындай аяулы жандардың мерекесі. Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады. Жарқын мерекенің біздің барлық үмітіміз бен арманымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі – жақсылықтың нышаны.
Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара болып өтті. Шараға қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев:
– Ардақты аналар, аяулы апа-қарындастар, баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіндегі адамзат баласына әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесінің шуақты көктеммен бірге басталуының мағынасы тереңде жатыр. Халқымызда «Барлық жақсылық – күннің нұрынан, жылылық – ананың аялы алақанынан таралған» деген мағыналы сөз бар. Ендеше, алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз. Қазіргі қоғамда да әйелдер қауымы сегіз қырлы, бір сырлы десек артық айтқандық емес. Шаңырақ берекесімен қатар, әлеуметтік өмірдегі жұмыстың тізгінін тең ұстап, еңбекқорлығымен, жауаптылығымен және кәсібилігімен ерекшеленуде. Еліміздің сән-салтанаты мен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында да әйел азаматшалардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі бар. Сіздер қашанда тамаша талпыныстарыңызбен туған өлкеміз – айдынды Аралдың дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Осы мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін, – деп игі тілегін жеткізді.
Сонымен бірге бірқатар сала үздіктері деп танылған нәзік жандыларды облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік шара одан әрі жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.




«Толқын» ақпарат
05 наурыз 2021 ж. 565 0