Әлемді әлдилеген – Ана

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі М.Оразбаев қатысып, лебізін білдірді.
– Ардақты аналар, аяулы арулар, қымбатты асыл жандар. Сіздерді гүл көктеммен қатар келген мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің осы шуақты күні бастау алатын ізгі ниет пен сұлулыққа, сырбаз сезім мен сыйластыққа толы осы күн жан дүниемізді жадыратып, жүректерге жылу береді. Аналар ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін ерекше ұлы тұлға. Бойларыңыздағы қайрат пен қажыр, құлшыныс бүкіл әлемнің тамырына қан жүгіртіп жатқандай көрінеді. Ел дамуы мен қоғамның қалыптасуында, тәуелсіз еліміздің ертеңі баянды болуы жолында елеулі еңбек атқарып жатқан аруларымыз жетерлік. Баршаңыз әрқашан жақсы өмірдің жарасымды гүліндей жайнап, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер. Өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, шаңырақтарыңызға шадыман шаттық тілеймін, – деп ізгі тілегін арнады.
Салтанатты шарада аудан басшысы өңірдің белсенді әйелдеріне облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Шара соңында жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.