Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлулық  пен  ізгілік мерекесі

Сұлулық  пен  ізгілік мерекесі

Көңілдерге қуаныш пен шаттық сыйлай келетін көктем – аяулы ана­ларымыз бен әпке-қарын­дас­тар үшін ерекше мезгіл. Се­бе­бі, сұлу­лық пен әдеміліктің, жара­сым­дық­тың жаршысындай – 8 нау­рыз Ха­лық­аралық әйелдер күні ме­ре­­кесі қатар келеді. Мерекеге орай аудан­дық мәдениет үйінде «Ана–өмір шәр­баты, Ару–әлем сымбаты» ат­ты салтанатты шара өтті. Ғасырдан асқан Жонай Таңым­бетова батасынан бас­тау алған ме­рекелік кешке аудан әкімі М.Ораз­баев қатысып, өз лебізін біл­дірді.
Адамзатқа әлемнің жарығын сый­лаған аналар мерекесінің шуақ­ты  көктеммен бірге келуінде де өзін­дік үндестік бар секілді. Жер дү­ние­нің құлпыруы, ана махаббатының ыстық көрінісіндей сезіледі. Мынау кең дүние мен тіршілік тек әйел баласымен ажарлы.Тарихты сөйлетсең де, әйелдер қауымынан даналық пен батырлықтың, шешендік пен бірліктің үлгісін көруге болады.
Халқымызда «Барлық жақсылық – күннің нұрынан, жылылық – ананың аялы алақанынан таралған» деген сөз бар. Ендеше, алтын құр­сақ­ты ананың амандығы мен ба­ла­ның жарқын күлкісі – біздің басты бай­лы­ғымыз. Бойымыздағы ізгілік пен құт-береке атаулы сол ананың жүре­гінен бастау алады.Содан болса керек, қасиетті кітапта да «Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында» деген даналық халық арасында күні бүгінге дейін құнды.
Бүгінде өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген аяулы жандар аз емес. Қазір қоғамның қай саласында да әйелдер белсенділігі артып келеді. Отбасы мен қоғам жүгін қатар көтеріп жүрген әйел затының бұл еңбегі құрметке әбден лайық.
Әйелдер қауымының қуанышты сәтіне құттықтауын білдірген аудан әкімі денсаулық пен бақ-береке, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Шара барысында аудан дамуына үлес қосып, елеулі еңбегімен көзге түскен, өз саласында үздік атанған бірқатар қыз-келіншекке Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, мерекелік кеш аудан өнерпаздарының кон­церт­тік бағдарламасына ұласты.
О. ЖОЛДАСОВ
07 наурыз 2018 ж. 2 326 0