Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібін дөңгеленткен ханымдар

Кәсібін дөңгеленткен ханымдар

Ықылым заманнан бері арулар сұлу болып көріну үшін, қастарын қиғаштап бояп, қысқа белдік тартып, қолаң шаштарына көрік беру мақсатында небір емдік майларды пайдаланған. Ал, қазіргі заманда сырғалалылардың әдемі болып көрінуіне мүмкіндіктер өте көп. Оның ішінде, сұлулық салонының алар орны ерекше. Осы орайда, Әйелдер мерекесі қарсаңында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 3 миллион несие алып, қаладағы Қалас Сәрсенбаев көшесінен «Анел» сұлулық салонын ашқан Роза Қыдырбаева қаламыздың ханымдары үшін өзінің сапалы қызметін ұсынуда. Онда арнайы оқу орнынан өтіп, сертификат иеленген екі қыз бала ерлерге және әйелдерге арналған екі залда сұлулық қызметінің сан түрлерін ұсынуда.
Шаш–адамның ажары. Шаш күтіміне мән беру керектігін жастайымнан ұғынып өстім. Негізінен, шашты аптасына үш рет жуған дұрыс. Кейбір қыз-келіншектер шашын күнде жуып, құрғатып алып жатады. Сол үшін де ұдайы ошаған майын (репейное масло) шаш түбіне жағып, бірнеше сағат ұстаса, шаш әдемі жылтыр болып көрінеді әрі тез өседі. Біздің басты қызмет – шаш қию болса да, қазақ қыздарына шашты өсіріп, өріп қойған керемет жарасады дегім келеді. Бұрым – қыз баланың бойына нәзіктік пен жинақылық береді,-дейді алдағы уақытта жоспарлары мен мақсаты көп төрт баланың анасы Роза.
Аталған бағдарлама негізінде 2 миллионнесие алып, кәсібін дөңгелентіп отырған нәзік жандылардың бірі – Набат Байназарова. Бала тәрбиесіне ұқыптылықпен қарап, отбасылық бизнесті қолға алып отырған бұл келіншек те өзінің нан шығаратын цехын ашып, қала тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. «Қосымша жеке дүкенінде жұмыс жасай отырып, жылы-жұмсақ, тәттілерді пісіруге қалай үлгересіз?» деген сауалымызға:
–«Меніңше, қазіргі заманауи әйел барлығына үлгеруі тиіс. Яғни, бір қолымен бесікті тербетіп, екіншісімен жұмыс істеп, үшіншісімен өзін ретке келтіріп дегендей. Мен де баламның болашағын ойлап, бүгінгінің әйелдері еш қиындыққа мойымай, өздерінің жігерлі екендіктерін дәлелдеу мақсатында кәсіп аштым. Халық та дән риза деп ойлаймын. Себебі, тоқаш, бөлке нан, қара нан, самса, батон секілді өзге де тәтті нан өнімдерін буы бұрқыраған күйінде сатып алып кетіп жатады. Келешекте цехты үлкейтіп, көптеген адамды жұмыспен қамтысам деген ойым бар, – деп жауап берді.
 Иә, елдің экономикалық саласында әйелдердің белсенділігі маңызды болып отыр. Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің өз дамуындағы жаңа дәуірге қадам басқанын айта келе, елдік құжаттың екінші басымдығында осы туралы сөз қозғауы әйелдер арасында басқару шаралары мен бәсекелестікті арттыра түсу қажеттілігін көрсеткен болатын. Оның ішінде, көпке үлгі болып, кәсібінен нәсібін тауып жүрген қыз-келіншектер де бар. Ендеше, жаңа дәуірде жаңаша көзқараспен белсене жұмыс жасап отырған ханымдарды мерекелерімен құттықтап, істеріңізден береке таба беріңіздер демекпіз.

Света Үсенқұлова.
06 наурыз 2018 ж. 1 343 0