Топ-баннер
Топ-баннер2
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақтайық ананы

Ардақтайық ананы

Біраздан бері таныс бір құрбым бар. Өзі ашық-жарқын, ақкөңіл, өте пысық келіншек. Соның арқасында бір үйдің тіршілігін әдемі үйлестіріп отыр. Ата-енесімен бірге тұрады. Үйдегі жандардың барлығы да жақсы жұмыс істеп, табыс тауып жүрген адамдар. Отбасында мұқтаждық жоқ. Бірақ сол құрбым үнемі енесін сөз етіп, айтып жүреді. Айтатыны: «Өзімен-өзі, ештеңемен шаруасы жоқ. Балаларымды бақпайды» дейді. Содан бас қосқан отырыстарға балаларын ертіп келіп, өзі әбігер болып жүреді.
Оның енесін де жақсы танимын. Шынында да өзімен-өзі жүретін, артық сөзге жоқ, жуас әйел.
Тағы бір құрбым бар. Оның енесі – бір өзі бір тауды жайлағандай, өте іскер жан. Өз кезінде жақсы қызметте болып, қазір зейнетке шыққан. Келінін жақсы киіндіріп, алтын әшекей алып беріп, бар жағдайын жасап отыр. Бірақ үйдегі барлық шаруаны, тіпті қаржыны да өзі басқарады. Келіні тапқан табысын да түгелдей енесінің қолына береді. Соған қарамастан бұл келіншек енесі туралы артық әңгіме айтпайды. Бәлкім, құлағына жетсе, ренжитінін білетін шығар.
Не керек, ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынастың өте жақсы болуы сирек кездеседі. «Келінімді қызымдай көремін» деп қабылдаған ана жүрегі уақыт өте келе өзгеріп кетіп жататын жағдайлар да болады. Осы мәселенің себебін білу үшін қазіргі енелердің де пікірін тыңдап көрдім. Олардың айтуынша:
– Біз жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Баламыздай көріп, ақылымызды айтамыз. Кейде ұрысып та қаламыз. Бірақ келін мені анам деп қабылдап, сөзімді түсінудің орнына балама барып шағымданады. Содан балам қабағын түйіп, ашуланып, отбасында берекені қашырып жатады. Айтқан ақылды тыңдағысы келмейді. Бәрін өз білгенінше істегісі келеді, – дейді.
Шынында да, бұл – бүгінгі қоғамда кездесетін жағдай. Көптеген отбасыда болып жатқан мәселе. Әйел ақылды болса, отбасы да берекелі болатыны белгілі. Бірақ кейде жастықтың әсерінен бе, әлде тәжірибенің аздығынан ба, ақыл таразысына салмай жатып, өзімізге жау жасап аламыз. Ол – енеміз. Оның әр сөзі мен ісі бізге ауыр тиіп, оны жамандауға дайын тұрамыз. Бірақ мұның бәрі не үшін керек деген сұрақты өзімізге қоя бермейміз.
Сол ананың өмірге әкеліп, әлпештеп өсірген баласын өзімізге жар етіп, ұрпақ сүйіп отырсақ та, кейде оны түсінгіміз келмейді. Тіпті кейбір келіндер туған баласын енесіне ұстатқысы келмейді. Себебі, «баланы дұрыс бақпайды» деп ойлайды.
Мен де қазіргі заманның келінімін. Сондықтан біреу «қазіргі келіндер...» деп әңгімені бастап, жалпылама жамандап жатса, намысыма тиеді. Бірақ шындықты да жоққа шығара алмаймыз. Замандастарымыздың жібектей жұмсақ мінезді, сабырлы бола алмай жүргені де жасырын емес. Енемен қарым-қатынастың бұзылуына көбіне сөз себеп болады. Біз үлкендердің айтқан ақылын тыңдағымыз келмей, өзім білемдікке салынып кетеміз.
Мен өзім келін болып 22 жасымда босаға аттадым. Енем қарапайым адам. Өмірде қиындықты көп көрген. Оның сөйлеу мәнері кейде ұрысқандай болып естіледі. Өте тазалықты жақсы көреді. Үй іші, ыдыс-аяқ бәрі жылтырап тұруы керек. Тамақты да өте дәмді етіп дайындайды. Жаңа түскен кезімде сол үйдің қалыптасқан тәртібіне үйренгенше маған бәрін түсіндіріп жүрді. Кейін бір нәрсені дұрыс істемесем, ұрысып та алатын. Мен де ренжитінмін. Бірақ ешқашан енемді өзгелерге жамандап, оған кектеніп жүрген емеспін.
Өйткені оның ашуы шай орамал кепкенше ғана еді. Уақыт өте келе енемнің айтқандарында шындық бар екенін түсіндім. Қазір оның айтқанын істесем, қателеспейтінімді білемін. Тіпті қазір оны туған анамдай қабылдаймын. Не айтса да, маған жамандық ойламайтыны белгілі. Соның арқасында үй ішімізде береке бар. Балаларым да әжесінің тәрбиесін көріп өсіп жатыр.
Әрине, әркімнің өз уәжі бар. Кейбір енелер шынымен де келініне қырын қарайтын шығар. Бірақ сіздің туған анаңыз дәл сондай болса да, одан сырт айналмайсыз ғой. Өйткені ол – анаңыз. Ешкім ата-анасын таңдап алмайды.
Сондықтан келін болып бір шаңырақтың табалдырығын аттаған күннен бастап, өзіңе жүктелген жауапкершіліктің ішінде отбасының татулығы да жатқанын ұмытпау керек. Енең қандай болса да, сен жақсы болсаң, оның кемшілігін жұртқа айтып, жамандап жүрмей, бар әңгімені үйдің ішінде қалдырсаң, түбінде оның өзі де сенің жақсы келін екеніңді түсінеді. Әйелдің даналығы да осында.
Біз, әйелдер, мойнымызға үлкен міндет алған жандармыз. Өз ата-анаңнан жырақта жаңа отбасыға келіп, сол жерде ұрпақ өсіріп, ана болып, өмір жолыңды қалыптастырасың. Осы жолда өзің бақытты болып қана қоймай, өзгелерді де бақытты ету – біздің басты міндетіміз. Осы қасиеттеріне қарап, қазақ халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлы әйел затын батыр жанға теңеген емес пе?!
Әрине, барлығы бірдей емес. Ақылды келіндер де бар. Олар отбасында сыйластық орнатып, енесімен анасы мен қызындай қарым-қатынас жасап, тату-тәтті өмір сүріп жүр. Осындай жандарға қызғанышпен емес, қызыға қарап, біз де солардай болуға талпынайық. Себебі өмір өте қысқа.
Н.ТЕБЕРІК
10 наурыз 2026 ж. 44 0