Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақсы келін қызыңдай

Жақсы келін қызыңдай

Дана халқымыз: «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» демекші, отбасында көрегенді ұл мен қыз тәрбиелеуді алдыңғы орынға қойып отырған. Иә, бүгінгі ерке қыз күні ертең бойжетіп, бір шаңырақтың босағасын аттап, келін болары анық. Жаңа түскен келінге барған жерінде сын көзбен қарап, оның келген жерінде қандай тәрбие алғанын аңғарады. «Тастай батып, судай сің» дегендей, жолдасының отбасымен және алыс-жақын тумаларымен етене жақын араласып кетуі керек. Сонда ғана жүрген жерінде абыройы артып, сыйлы болады. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген. Яғни, ене мен келін арасы тату болып, бір-бірін түсініп жүрсе, онда сол шаңырақ берекелі қамал секілді болғаны.
Бүгінгі қазақ қоғамында отбасыға байланысты түрлі хикаялар мен  қитұрқы іс-әрекеттер жетерлік. Оны өзіміз де көріп, біліп жүрміз. Жаңа түскен келін де өзінің өркөкірек, өзімшіл қалпымен барған жерінің тәртібіне бағынбай, күйеуіне шарт қойып жатады. Яғни, ата-ананы тастап бөлек тұрайық деген сынды. Келіннің осындай теріс қылығын көріп, ата-ана да жалғыз ұлының бақытын тілеп, осы уақытқа дейін жиған-тергенін салып бөлек шығарады.  Иә, ер жігіт те сол үйдің тіршілігінің тіреуі екенін ұмытқандай...  Осындай жайттарды естіп, кінәні не жігіттен, не ене мен келін арасындағы ұят пен сыйластықтан көреміз.
Сонымен қатар көптеген енелердің қателігі «келін келді, енді барлығын сол істеуге тиіс» деген ойда қалады. Жоқ, алдымен сол келінге үйдің өзінің дәстүрі мен әдептерін үйретуі керек. Келінін өз қызындай көруі қажет. Себебі келін сол отбасыға қосылды және сол үйдің ұрпағын өрбітетін аяулы ана болады. Сондықтан да әрбір ене келінін өзіне жақын тартып, білмегенін үйретіп, қандай да бір отбасы мәселесін де екеуі отырып шешуі керек. Себебі сол екеуі арқылы отбасы татулығы білінеді. Ене мен келін арасындағы жағымсыз әрекет туралы бір әңгіме келтірсек.
Бір ауылда бір қыз өмір сүрген екен. Дәстүр бойынша, ол жігітінің үйіне келін болып түсіп, енесімен бірге бір шаңырақтың астында тұрды. Алайда оған жаңа тұрмыс ұнамаған еді. Енесі оған үнемі бір нәрсені үйретіп, «дұрыс істемедің» деумен болды.
Бір күні таңертең келін емшіге барады. Оған енесінің күнделікті тіршілігіне араласып, мақсатсыз мазасын алатынын сөз етеді. Жас келіншектің мұндай жағдайға шыдамай, жыламсыраған күйін көрген әлгі емші:
– Сенің жағдайыңды түсініп отырмын. Сол себепті енеңе ем болатын шөп дәрі бергім келіп отыр. Бұл шөп енеңнің денсаулығына зиянын тигізері сөзсіз. Біздің ауылда әңгіменің тез тарайтынын өзің білесің. Алдымен өзіңді айыптайды. Сондықтан енеңе деген қарым-қатынасыңды жақсы жағына өзгертуің қажет. Жұмсақ бол, сәлемің түзу болсын, үнемі жымиып жүр. Үлкенді сыйлағаннан еш жаман болмайсың. Әлі-ақ осы қасиеттеріңмен жақсы нәтижеге қол жеткізеріңе сенімдімін.
Жас келін қарттың сөзін тыңдап, айтқанын жасайды. Таңертең ерте тұрып, нан пісіріп, тамақ дайындайды. Енесіне ішіне шөп дәрісін салып, шай қайнатып береді. Енесін жылы жүзбен шайға шақырады. Жолдасы да жарының осы бір жағымды әрекетіне іштей қуанады. Енесі де келінінің осындай сыйластығына ризашылық білдіріп, жақсы көре бастайды. Екеуінің бір-біріне деген сыйластығы артып, қарым-қатынасы күн өткен сайын түзеле бастайды. Келіні енесіне жасаған әлгі бір жамандығы үшін іштей өкініп, қарттың үйіне барып, мән-жайды түсіндіреді:
– Әкей, өтінемін, маған берген шөп дәрінің бетін қайтарар не ем қолдансам болады? Мен өз әрекетім үшін қатты қынжылудамын. Жолдасымның анасы өз анамдай екенін енді түсіне бастағандаймын. Осы үшін сіздің алдыңызға екінші анамның өмірін сақтап қалу үшін көмек сұрай келіп отырмын, – деп келіншек көзіне жас алды.
Сонда ақсақал:
– Жаным, сабаңа түс. Мен саған денсаулыққа зиян шөп дәрі емес,  жұпар иісі аңқыған  шөп бергенмін. Сен оған улы емес, дәмді әрі пайдалы шай бердің. У сенің жүрегіңде болды, енді одан да арылдың, – деген екен.
Міне, осындай жанашыр жанның арқасында бір шаңырақ теңселмей, керісінше нығая түсті. Ене мен келін де бір-біріне анасы мен қызындай бауыр басты.
Осылайша ене мен келін арасындағы қарым-қатынас ертеден-ақ жауапты, сонымен бірге өзекті мәселе болып саналады. Ене мен келін қай уақытта болмасын сыйласып, шаңырақ шайқалмауын басты қағида ретінде көруі тиіс. Ене де келіннің балалығын кешіріп, білмегенін үйретіп, өз баласындай көрсе – ененің келінге берер тәрбиесі де жақсы болады деген сөз. Келін де еркелігін асыра көрсетпеуі керек. Сол үшін ата дәстүрімізден аттамай, келешек бойжеткен тәрбиесінде де үлгі ете білейік!
А. СӘКЕНҚЫЗЫ
29 наурыз 2022 ж. 875 0