"Келін жаман емес, келген жері жаман": Омар Жәлелдің пікірі жұртты таңқалдырды

Келіннің кінәсі жоқ, егер ол жаман болса, келген жерінің кемшілігі бар деп түсіндірді Омар Жәлел. Оның айтуынша жаңа ортаға келген қыз баласы сол шаңырақтың жақсысы мен жаманын бойына қабылдап алады. Сондықтан, ұл өсіріп отырған адам келінге тәрбие беруге дайын болуы керек.
"Жаңа ортаға келген кез келген адам сол ортаға бейімделеді, сол ортаның заңын, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын қабылдайды. Сол себепті, топыраққа түскен дәннің өсіп-өнуі топырақтың құнарына қалай байланысты болса, жаңа түскен келіннің өсіп-өніп, желегі желбіреген жас келіннен сарабдал, салиқалы бәйбішеге айналуы үшін келген жерінің маңызы өте зор. Сондықтан, ұлы ержетіп отырған әрбір әулет келінді қабылдап алуға рухани, мәдени, этикалық, эстетикалық жағынан жан-жақты дайын болуға тиіс. Әсіресе келін тәрбиесінде ененің алатын орны ерекше", - дейді Омар Жәлел.
Бүгінгінің келінін емес, енесін тәрбиелеу керек. Енесі қандай болса, келіні дәл сондай болып шығады дейді ол. Омар Жәлел келін ененің топырағынан екенін ұмытпауға шақырды.
"Табалдырықтан имене аттаған келіннің көп уақыт өтпей келген жерінің шаруашылығын ұршықша үйіріп, айтса ауыз, көрсе көз тоятын көркем мінезді, ибалы келінге айналуы көбіне көп ене тәрбиесіне тікелей байланысты. Өйтпейінше, "Жақсы ісінен көреді, жаман кісіден көредінің" кері болады да шығады. Әр нәрсені игеру үшін ең алдымен оның ғылымын игеру керек екені қалай рас болса, ене болып келін тәрбиелеудің де оқуы бар. Жарықтық шешем бір іске ерініп, тартыншақтай бастағанымызда: оның не оқуы бар? деуші еді", - дейді Омар Жәлел.