Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ол да анаң

Ол да анаң

Біраздан таныс құрбым бар. Өзі ашық-жарқын, ақкөңіл, өте пысық келіншек. Сонысымен бір үйді әдемі үйлестіріп отыр. Ата-енесімен тұрады. Бәрі де жақсы жұмыс жасап, табыс тауып отырған жандар. Отбасында мұқтаждық көріп отырған жоқ. Бірақ ылғи енесін сөз етіп сыпсыңдайды да жүреді. Сонда айтатыны «өзімен өзі, ештеңемен шаруасы жоқ. Балаларымды бақпайды» деп ылғи бас қосқан отырысқа балаларын шұбырта ертіп келіп, арпалысып жүргені. Оның енесін де жақсы танимын. Шынымен де, өзімен өзі, артық ауыз әңгімесі жоқ жуас әйел. Енді тағы бір құрбым бар. Оның енесі «бір өзі бір тауды жайлаған» деген сөз сол жанға арналғандай. Өзі кезінде жақсы кызметте болып, зейнетке шыққан. Келінін үлпілдетіп киіндіріп, алтынға малындырып қояды. Бірақ айтқанын істетіп, отбасындағы бүкіл қаржыны өзі ұстап отыр. Тіпті келінінің өзі тапқанын түгелдей енесінің қолына ұстатады. Бірақ бұл келіншек енесі туралы артық әңгіме айтпайды. Бәлкім, құлағына жетсе қаһарланатынын білсе керек.        
Не керек, ене мен келіннің қарым-қатынасының керемет болуы сирек кездеседі. «Келінімді қызымдай көремін» деп қабыл алған ана жүрегі кейін басқаша болып кетіп жатады. Себебін зерделеп, қазіргі енелерден сыр да тартып көрдім. Олардың уәжі:        
– Біз жақсы қатынас орнатқымыз келеді. Баламыздай көріп, ақылымызды айтамыз. Бірақ, келін менің айтқандарымды айтып, балама барып шағымданады. Қабағын тарс түйіп алып, жұлқынып, сілкініп, отбасының шырқын қашырады. Содан жанжал туады. Бәрін өзінің білгенімен жасайды, – деген анамыз өзінің жүрек түкпіріндегі назын қынжыла жеткізді.
Шынымен де, бұл бүгінгі қоғамда бар нәрсе. Әрбір отбасы бастан кешіп жатқан оқиға. Әйел ақылды болса, отбасы да берекелі болатыны белгілі. Бірақ біз кейде жастықтан ба екен, қайдам, ақыл таразыға салмай жатып отбасымыздан өзімізге жау жасап аламыз. Ол жауымыз – енеміз. Соның сөзі, ісі  – бәрі түрпідей тиіп, соны жамандауға жақын тұрамыз. Бірақ «мұның бәрі не үшін керек» деген сұрақты өзімізге қойып жатпаймыз.  Сол ананың өмірге әкеліп, әлпештеп өсірген баласын өзімізге жолдас етіп, ұрпақ сүйіп отырсақ та жақтырмаймыз. Тіпті кейбір келіндер бар туған баласын енесіне ұстатпайтын. Себебі, ол бала баға алмайды-мыс.
Мен де қазіргі заманның келінімін. Сондықтан біреу «қазіргі келіндер ...» деп әңгіме бастап жалпақ жамандап жатса, намысыма тиеді. Бірақ шындық осында. Замандастарымның жібектей жұмсақ мінезді, жоқ пен барға төзімді бола алмай жүргені жасырын емес. Енемен қарым-қатынастың бұзылуына 80 пайыз сөз себеп. Біз үлкен айтқан ақылды тыңдағымыз келмейді. Өзім білемдікке салынып, өз дегенімізді жасаймыз.
Өзім келін болып 22 жасымда босаға аттадым. Енем қарапайым адам. Өмірде қиындық көп көрген. Оның сөйлеу мәнерінің өзі ұрысып тұрғандай көрінеді. Өте тазайын. Үй іші, ыдыс-аяқ жылтырап тұру керек. Тамақты да дәмді етіп дайындайды. Жаңа түскен менің сол үйдің мызғымас ережелеріне үйреніп кеткенімше түсіндіріп отырды. Кейін бір  нәрсені дұрыс жасамасам, ұрысатын болды. Мен де ренжитінмін. Бірақ ешқашан енемді өзгелерге жамандап, не болмаса оған кектеніп жүрген емеспін. Өйткені ол жанның ашуы «шәйі орамал кепкенше» еді. Уақыт өте келе түсіндім, маманың айтқанын істесем қателеспейтінімді. Тіпті қазір өзімнің туған анамдай қабылдаймын. Не айтса да маған жамандық ойламайтыны белгілі. Соның арқасында үй ішіміз берекелі, тірлігіміз түзу. Балаларым әжесінің баласы болып өсіп жатыр.
Әрине әркімнің өз уәжі бар. Бәлкім, кейбір енелер мүлде басқа болар. Шынымен де, келінге қырын қарайтын шығар. Бірақ сіздің анаңыз да тап сондай болса, сіз одан сырт айналмайсыз ғой. Өйткен ол – анаң. Ешкім ата-ананы таңдап алмайды. Сондықтан келін болып шаңыраққа енген күннен бастап өзіңе жүктелген жауапкершіліктің ішінде отбасының да мызғымас татулығы жатқанын ұмытпау керек. Мейлі, енең қандай болса да, сен жақсы болсаң, оның бүкіл жаман қасиетін тізбектеп, көрінгенге өз етпей, бар әңгімені үй ішінен сыртқа шығармайтын болсаң, түбі жақсы келін екеніңді ол да түсінеді. Әйелдің даналығы да осында. Біз, әйелдер, мойнымызға ұлы міндеттер алғанбыз. Өз отбасың, ата-ана, бауырларыңнан жырақта жаңа жанұяға келіп, осында ұрпақ өсіріп, ана болып, өмір жолын қалыптастырамыз. Осынау жолда бақытқа кенеліп, өзгелерді де бақытты ету – біздің басты міндетіміз. Осы қасиенттерге қарап, қазақ халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлы әйел затын ең батыр жанға балады емес пе?!
Жалпы, даттап, жамандаудан аулақпыз. Ақылды келіндер де бар. Олар отбасында әйелдердің берік қамалын орнатып, анасымен қызындай қарым-қатынас жасап, сыйластықта өмір сүруде. Сондай жандарға қызғанып емес, қызыға қарап, біз де солардай болуға талпынайық. Себебі өмір өте қысқа.
Ер-Нұр
08 желтоқсан 2020 ж. 597 0