Өзің қандай келін болсаң...
Жақында әжеммен бірге ауылға еріп барғанмын. Көбіне үйдегі інім мен папам баратын ауылға бірнеше жылдан бері қонақ болғаным екен. Ауылдағы туыстарымыз асты-үстімізге түсіп күтіп алды. Балықшылар ауылы болғаннан кейін балықтан түрлі тағам жасапты. Әжемнің ерекше аңсары ауып, тойып жеп алдық. Кейін шөлдеп, шай дастарханына отырдық. Содан ауылдағы жақындардың жағдайын сұрап әңгіме басталды. Сөзден сөз шығып көрші үйдегі Зәуре апайдың баласы келінінің айтуымен ата-анасын тастап, қалаға көшіп кеткені айтылды. «Еее, өзің қандай келін болсаң...» деп әжем бір күрсініп қойды сонда.
Зәуре келін болып түскенде әжем бойжетіп қалған қыз екен. Ол кезде ауылдың адамдары бір-бірімен етене араласып, тіпті нанын бөліп беріп, ағарғанын бөліп ішетін кездер ғой. Көршінің бәрін өзінің туысынан артық көрмесе кем көрмейтін. Содан да болуы керек 14-15 жастың шамасында «көрші үйдегі Қадіржан аға келін әкелді дегенде ерекше қуанып, сүйінші сұрағанбыз» дейді әжем.
Үйдің жалғызы болған Қадіржан да қазақша айтқанда «кемпір-шалдың баласы» еді. Кішкентайынан бетінен қақпай, бар айтқанын тыңдатып, еркелеп өскен кісі екен. Оқу оқимын деп қалаға кетіп танысып, қыз-жігіт болып жүрген Зәуре келін болып түскенде ауылда үлкен той болып, бір апта тойлаған. Ақсақалдар батасын беріп, үлкен ата-әжесінің қуанышы қойнына сыймай, шүкірлігін айтумен болады. Абысын-келіндері де қатарының толыққанына мәз болысып, жастар кешін ұйымдастырыпты. Ауылдағы естен кетпес тойдың бірі болған деседі.
Зәуре де ауылға тез сіңісіпті. Көп уақыт өтпей-ақ шекесі торсықтай ер баланы дүниеге әкеледі. Дегенмен еркеліктен бе, өзінің тумысынан ба шатақ мінезі бар екен. Қадіржан екеуі үнемі жанжалдасып, ауыл арасында әңгіме тарайды. Ел-жұрт бірі «баласы өзінен емес екен» десе, енді бірі «үлкен ата-енесіне Зәуре дұрыс қарамапты» деп айтатын.
Арада екі жыл өткенде соғыс оты тұтанып, Қадіржан да майданға аттаныпты. Оның кеткені көңіліне батып, уайымнан бірінші атасы, араға қырық күн салмай әжесі дүниеден озған екен. Өзінің туған ата-енесін Қадіржан «аға-жеңге» деп айтып үйренген. Күйеуі сыйламаған жанды келіншек сыйласын ба? Жаймендеп бастапқы сыйластығы кете бастапты. Өзінің абысынындай көріп бастапқыда «сен» деп айтуға көшеді. Кейін тал түске дейін ұйықтап, кішкене сөзге «байым соғыста, кім аман келетіні белгісіз, төркінге кетемін» деген сөздер айта бастайды. Бұл мінезінен отбасының ойраны шығатынын, бір жағынан төркінге кетіп қалса немересін сағынатынын ойлап ата-енесі де үндемей қоя салуды әдетке айналдырады.
Бұл заматта ауылдағы қанша азаматқа қаралы хабар келеді, қайтып оралғандар не бір қолынан, не бір аяғынан айырылған азаматтар. Оның бәрін көзімен көріп, күнде бір отбасына қайыр айтуға барған ана көңіліне бәрі ауыр тиеді. Қадіржанды ата-әжесі бауырына басты демесең 62 тамырын идіріп, «ана» деген ұлы атқа лайық еткен туған баласы ғой. Оның үстіне жанында да емес әрі келінінің мына қылығы әбден мазасын қашырады. Осылай жүргенде психологиялық ауытқулар пайда болады. Түнде өзімен-өзі сөйлеп, Қадіржанды көргендей болады екен.
Бұл жағдай берекесі қашқан отбасының хәлін одан әрі ушықтырды. Зәуре ауыл ақсақалының, ата-енесінің айтқанын тыңдаудан қалып, өз бетімен шешім қабылдап жүре бастады. Жағдайы кеткен кемпір-шал ұзаққа барсын ба? «Балам-балам» деп жүргенде енесі есік алдындағы мұзға құлап, қарақұсынан жарақат алып, мәңгілік мекеніне аттанды. Жалғыз ұлынан хабар жоқ, кемпірі қайтып, келініне отырғаны опақ, тұрғаны сопақ болған атасы да қыстың бір күні тысқа шығып кеткеннен оралмады. Ол кезде қыстың аязы қатты, қары қалың-етін. Қанша жерден «аталап» ауыл болып іздесе де ізін таба алмады. Көктем шыға ауылдан бірнеше шақырым жерде қар астынан мүрдесі табылды. Бұл уақытта Зәуре келіні де өз-өзімен өмірге үйреніп, ауыл арасына жаман атағы шыға бастаған болатын. Атасын ақтық сапарға ауылдастарының көмегімен аттандырып, кейінгі жоралғыларға жүрдім-бардым қарады.
1944 жылдың жазында күйеуі Қадіржан елге келді. Барлық ауыл қуанып қарсы алды. Жиналып, өзі жоқтағы бар жағдайды баян етті. Қадіржан он екі мүшесі сау болғанымен, басында гранатадан қалған жарықшағы бар еді. Кейде есін білмей, алжасып отыратын. Айтылған сөздердің де бірін ұғып, біріне түсінбей, тек басын изеп отыра берді. Ауыл адамдарына оғаш болғаны, өзі майданға кеткенде екі жасар ұлы Ержанды да бір еркелетіп, бір танымаған адамдай отырғаны еді.
Қадіржанның оралғанына Зәуре онша қуана қоймаған. Арада қанша уақыт өтіп, сезімі суыған. Оның үстіне ақыл-есі де жарым деуге келеді. Өзінің еркін күніне еті үйреніп, әй деген әжесіз, қой деген қожасыз өмір сүруге дағдыланып кеткен. Қадіржанның жағдайына қарап оны баптауды өзіне ауыр істей көретін. Бір ісі жақпаса «еркек болып шаруа істе, жұрттың байы соғыстан келдім демейді, ауыл малын бағады, еңбек армиясында жүр» деп айқайлаған дауысы көршілерге естіліп жататын. Солай жылдар өте берді. Әйтеуір ел арасында болып, соғыс бітіп, бейбіт өмірге де қадам басты.
Бұл уақытта баласы Ержан ержетіп, мектеп бітірген. Оқуын бітіре сала өзінің көрші ауылдағы жақсы көретін қызын алып қашып келіп, келін етті. Мүлдем таныс емес ауылға жастайынан келген келін қатты жатырқады. Көпке дейін үйренісе алмады. Ержанға да онша бауыр басып, сырын ақтармайтын. Енесі Зәуренің де «бізді де алып қашты,адам болып кеттік. Неменеге жылай бересің, барып тірлігіңді істе» деп айтқан ауыр сөздерін көтере алмайтын.
Иә, зымыраған уақытқа кім тоқтау салсын? Арада біраз жыл өтіп, Ержанның да балалары дүниеге келді. Жағдайы жақсарып қаладан үй алды. Шетелге шығып демалатын болды. Баяғы жасық келін қазір беттен алып, төске шабатын. Енесі Зәуренің де күйі тайып, күші қайта бастады. Атасының ауруы одан әрі үдеп, мүлдем есін жоғалтты.
Енді міне ақыры соңында ата-енесін ауылға тастап, өздері қалаға көшуге шешім қабылдапты. Ержанға сөзі өтіп, әбден айтқанын істеткен келіннің бұл қылығы таңсық емес болатын. Әрі Зәуренің де жастығында жасаған артық ісі айналып алдына келетініне ешкімнің шүбәсі жоқ еді. Әжем айтпақшы, расымен де «өзің қандай келін болсаң...»
Г. САҚТАПОВА
Фото: qazaly.kz