Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық баскетболшылар республикалық жарыста үздік нәтижеге қол жеткізді

Қызылордалық баскетболшылар республикалық жарыста үздік нәтижеге қол жеткізді

Kyzylorda-news.kz Сыр спорты тағы бір тарихи белесті бағындырды. Жуырда қызылордалық баскетболшылар ел ішінде өткен маңызды додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, аймақ абыройын асқақтатты. 

Атап айтқанда, 1-4 шілде күндері Алматы облысы, Қонаев қаласында баскетболдан өткен Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарында Қызылорда облысының қомандасы тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. 

Сондай-ақ, Талдықорған қаласында 4-8 шілде аралығында баскетболдан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында баскетболшыларымыз жүлделі орындарды еншілеп, марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда 16 жас аралығындағы ұлдар арасында - І орын, 14 жас аралығындағы қыздар арасында жүлделі - ІІ орын, 12 жас аралығындағы қыздар арасында жүлделі - ІІІ орын иеленді. 

Осыған орай, бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы команда жетекшілері, тәжірбиелі бапкерлер  Александр Жавзмагин және Азамат Сыздықовты қабылдап, аймақ спортын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, бұдан да биік белестерді бағындыруға сенім білдірді. Сондай-ақ, алда өтетін ауқымды жарыстарға сәттілік пен жеңіс тіледі. 

Айта кетейік,  31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында баскетболдан Азия кубогы өтетін болады. Әр елден іріктелген үздік спортшылар қатарында қызылордалық Айтөре Сыздықов та бар. Ол жасөсіпірімдер арасында өтетін тартысты бәсекеде бақ сынамақ. 
12 шілде 2025 ж. 44 0