«Сот кабинеті» сервисі: сот жүйесіндегі цифрлық қызмет
Қазіргі таңда цифрландыру мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналды. Сот саласы да бұл жаңашылдықтан қалыс қалған жоқ. Қазақстанда сот жүйесін жаңғырту мақсатында енгізілген маңызды электрондық қызметтердің бірі – «Сот кабинеті» сервисі. Бұл жүйе азаматтар мен заңды тұлғаларға сот органдарымен онлайн түрде өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.«Сот кабинеті» сервисінің басты мақсаты – сотқа жүгіну рәсімдерін жеңілдету, уақытты үнемдеу және сот процестерінің ашықтығын арттыру. Портал арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ түрлі сот қызметтерін пайдалана алады. Бұл әсіресе құжаттарды тапсыру мен іс барысын бақылауды едәуір жеңілдетеді.
«Сот кабинеті» жүйесі пайдаланушыларға бірнеше маңызды функцияларды ұсынады:
Онлайн талап қоюды беру. Азаматтар сотқа талап қоюды электрондық түрде жолдай алады.
Сот істерінің қозғалысын бақылау. Істің қай кезеңде тұрғанын портал арқылы тексеруге болады.
Сот құжаттарын алу. Сот шешімдері мен басқа да құжаттарды электрондық форматта жүктеп алуға мүмкіндік бар.
Сот отырыстары туралы хабарламалар. Пайдаланушылар сот отырысының күні мен уақыты туралы хабарлама алады.
Мемлекеттік баж төлеу. Кейбір төлемдерді онлайн режимде жүзеге асыруға болады.
Электронды сервистің қызметтерін пайдалану шарттары өте қарапайым. Сот ісін жүргізуге қатысушы электрондық цифрлық қолтаңбасын алып, «сот кабинетінде» тіркелудің стандартты рәсімінен өткеннен кейін электронды сервисті пайдаланушы болып табылады.
Заманауи технологияларды сот жүйесінде пайдалану бағытындағы жұмыстар тоқтамайды. Яғни уақыт талабына сай сот жүйесі өз қызметін үнемі жетілдіріп, оның тиімділігін арттыруды әрі қарай да жалғастыра береді.
Қ.Мамбеталиева,
Арал аудандық сотының бас маманы-
сот мәжілісінің хатшысы.
Фото: Нұрболат Нұржаубай










