Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырымдылық – асыл қасиет

Қайырымдылық – асыл қасиет

«Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет, өскелең ұрпақты жақсылыққа тәрбиелеу – басты міндетіміз».Қасым-Жомарт Тоқаев
Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктірген. Сол себепті «Қайырымдылық» күні қазіргі қазақ қоғамының басты құндылықтары болып отыр. Наурыздың бір күнін осы тақырыпқа арнау өскелең ұрпақ тәрбиесінде өз ізін қалдыратыны сөзсіз. Жалпыұлттық мереке қазақ халқының мәдениеті мен алуантүрлілігін көрсететін тақырып пен құндылықтарды дәріптейді.
15 наурыз – Наурызнама бойынша қайырымдылық күні. Сондай-ақ мейірімділік пен татулық насихатталатын күн. Қайырымдылық тек материалдық көмек көрсетуде ғана емес, рухани қолдау, көңілі жүдеу адамды жылы сөзбен жігерлендіру де маңызды. Бұл игі дәстүр қоғамда жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады. Демек, Наурыз мейрамы өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналып келеді.
Көшпенділерден жеткен дарқан пейілімізді дәріптеп, елдің ынтымағын еселеп, жүрекке мейірім дарытқан, бірлігі бекем қауым мұқтажға қол ұшын беріп, жанашырлық пен ізгіліктің іргесін бекітетін күн.
Бабадан қалған байырғы салт – жылу жинап, жақыныңды жарылқау, қамқорлық пен қайырымды істің қадірін арттыру бүгінгі ұрпаққа аманат.
Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз мерекесі туралы былай деп жазған:
«Жаңа жылымыз – шын мағынасында Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып, жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез».
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу.
Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс.
Наурызнама аясында Қайырымдылық күнін атап өту – Ұлы Даланың көне дәстүрлерін бүгінге жалғау. Бұл күннің философиясы нағыз жаңару – жақыныңа жәрдемдесуден, көршіге жылы қабақ танытудан, адамға жанашыр болудан басталатынын еске салады.
Бұл күн халықтың тарихи өзегіне меңзейді: қазақтар ежелден «жылу» жинап, мұқтаж жанға жүйелі түрде көмектесіп келген. Ұлы Далада «жылу» тіпті қоғамдық міндет іспеттес болған. Көшпелі қауым «Бір қауымның қамы – бәрінің қамы» деген қағиданы ұстанып, малынан айырылған отбасыларды қолдап, пана беріп, қаражат берген.
Сонымен қатар, «Асар» дәстүрі – қазақ халқының ертеден келе жатқан ғұрыптарының бірі. Яғни, адамдар жиналып, бір адамның немесе бір отбасының қолынан келмейтін жұмысты шын ықыласпен тегін атқарып беретін. Қатысушылар өздерінің көмегі үшін ақы талап етпейді.
Асар жасауға себеп болатын шаруа түрі көп: үй салу, егін жинау, отын дайындау, мал айдау, сондай-ақ той қамына дайындық немесе жерлеуді ұйымдастыру. «Асар» қазақ қоғамы өмірінің маңызды бөлігіне айналды, отбасылық және тату көршілік байланыстарды нығайтуға көмектесті.
Бұл дәстүр кең далада әр түрлі жағдайда аман қалуға сеп болды, сонымен қатар бірлік, мейірімділік пен қоғам алдындағы жауапкершілікке баулыды.
Жалпы қайырымдылық, мейірімділік деген қазақтың қанында бар қасиет. «Жетім көрсең жебей жүр» деген халқымыз. Жоқ-жітікке көмектесу, қыстан қалған ас-ауқатын кедей-кепшікке тарату дәстүрлері әсіресе Наурызда көрініс тапқан.
Он бесінші наурыз – Қайырымдылық күні. Наурыз мейрамының мазмұнымен астасып жатқан қайырымдылық қасиеті халқымыздың дәстүріндей ежелден-ақ берік орныққан.
Кейде қарапайым жылы сөз, уақыт бөлу, көңіл бөлу адамдардың өмірін өзгертуі мүмкін. Қайырымдылық жасау кеш емес, себебі әрбір игі іс біреудің өміріндегі үлкен өзгеріске айналуы мүмкін.
Таңшолпан ОҢТАЛАПҚЫЗЫ,
аудандық орталық кітапхана әдіскері
15 наурыз 2026 ж. 56 0