Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет пен салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны

Мәдениет пен салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны

Наурыз мейрамында халқымыздың мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрі ұлықталады. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
Наурыз – тек көктемнің келуі емес, ол – ұлт рухының жаңғыруы, мәдениеттің қайта түлеуі. Бұл мереке халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын айшықтайтын ерекше күн.
Қазақ әдебиетінде Наурыз бен көктем тақырыбы терең жырланған. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев көктемді үміт пен жүрек жаңаруының символы ретінде жырлап, табиғаттың оянуын адам жанының тазалығымен байланыстырса, Қадыр Мырза Әлі Наурызды ырыс пен берекенің бастауы деп бағалап, ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін жырға қосты. Фариза Оңғарсынова көктемді мейірім мен аналық жылылықтың бейнесі ретінде суреттеп, жаңарудың нәзік иірімдерін поэзия тілімен жеткізді.
Ал Оралхан Бөкей шығармаларында көктем – табиғаттың ғана емес, адамның да рухани серпілу сәті екенін терең бейнелейді.
Наурыз – бірлік пен татулықтың мейрамы. Бұл күні халқымыз ұлттық киім киіп, салт-дәстүрін дәріптеп, өнер мен мәдениеттің құндылығын ұлықтайды. Домбыра үні, ұлттық тағам, игі тілек – барлығы да ұлт мәдениетінің ажырамас бөлшегі.
Мәдениет – халықтың жаны. Ал Наурыз – сол жанның жаңарып, жаңғыратын шағы.
Мәдениет – халықтың рухани тірегі, ұлттың айнасы. Ол – тіл, әдебиет, өнер, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихи мұра арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазына. Қазақ халқының бай мәдениеті – домбыраның күмбірінен, жыр-дастандардан, қолөнер туындыларынан, ұлттық киім мен тағамдардан айқын көрініс табады.

Халқымызда баланың ой санасын жетілдіру, зияткерлік қабілетін дамытуда халық ауыз әдебиетінің алар орны ерекше . Батырлар жыры – отансүйгіштікке, адалдыққа , ерлікке тәрбиелесе, шешендік өнер- табан астында сөз тауып айтуға,аталы сөзге тоқтауға үйретеді. Ал мақал мәтелдің орны тіптен бөлек,баланы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түюіне сыйдыруға машықтандырады. Жаңылтпаш жаттағанның тілі жаттығады, есте сақтау қабілеті артып қана қоймай, көп алдында еркін сөйлейтін болады, ал жұмбақ арқылы жеткіншектің  қиялы өсіп, табиғат тылсымдарын ой елегінен өткізуге дағдыланады.
Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызды қазақ халқы барынша салт-дәстүрлерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыратындай берік ұстанып, кеңінен пайдаланып келеді. Әйтсе де бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір исі қазақтың міндеті. Көп ескерілмейтін дәстүрлерді біле жүру, жастар арасында насихаттау – артық етпейтін іс.
Назерке Ақылбекова,
 Аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға
қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы
17 наурыз 2026 ж. 47 0