Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі шаңырақ – ел бірлігі

Берекелі шаңырақ – ел бірлігі

Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің бір күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналады. Шаңырақ күні жекелеген үйелменнің ғана емес, тұтас ұлтты біріктіру мерекесі. Бұл күн ұрпақ тәрбиелеу мәдениетін қалыптастыруға деген ниетті бейнелейді .
Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір – қасиеті айрықша. Ол- әрі аспан күмбезі, әрі үй жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы .
Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата бабаларымызда «Шаңырақ» көтеру» атты ерекше дәстүр- салт болған.
Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.
Шаңырақ- бұл біздің халқымыздың рухы мен бірлігінің белгісі. Ол тек үйдің төбесі емес, сонымен қатар біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және болашағымыздың нышаны.
Шаңырақ Қазақстан елтаңбасында бейнеленген. Онда «Шаңырақ: Әлемнің тұтастығын, ошақтың амандығын, білдіреді, бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны» делінген.
Тілдік тұрғыда шаңырақ сөзі – шаң және қарақ түбірлерінен біріккен туынды сөз. Көне түркі сөздігі бойынша шаң түбірі - «таң шапағын», ал қарақ түбірі – «көз, қарашық» дегенді білдіреді.
Сонымен, көне түркі тілдеріндегі шаң - қазіргі «таң ату», «таң қылаң берді» тәрізді тіркестерде кездесетін таң сөзімен мағыналас түбір. Яғни шаң түбірі мен таң түбірін біртектес деп тануға болады.
Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл - құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.
Киіз үй мен көк әлемнің арасын қосып тұратын осынау қасиетті ұғым туралы қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген жазушы-қаламгер Сейіт Кенжеахметұлы біршама терең тоқталған. Шаңырақ тоғын, күлдіреуіш және кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғын дегеніміз - кәдімгі шаңыраққа дөңгелек түр беретін шеңбер. Тоғынның сүйегі қайыңнан жасалады. Оны оюлап өрнектейді және айналдыра жиілетіп уық кіргізетін ойықтар жасайды, уық қалам тәрізді үшкірленетін болғандықтан, оны «қаламдық» дейді. Ал күлдіреуіш шаңырақтың күмбезін жасайды, кепілдік күлдіреуіш орнынан қозғалып кетпес үшін қойылады.
Үйдің сүйегі (қаңқасы) дайын болған соң, оны (шаңырақты да) қызыл жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды да, оны өсімдік майымен майлайды. Бұл ағашқа су сіңбес үшін жасалады. Бай адамдардың шаңырағы, тіпті, күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейленеді. Шаңыраққа да киізден түндік жасалады. Ол да қойдың ақ күзем (күзде қырқылған) жүнінен басылады. Шаңыраққа желбау деп аталатын ою-өрнекті 4 шашақты бау жасалады. Ол шаңырақты бастыру үшін және көшкенде байлау үшін қажет. Қалыпты жағдайда желбау үйге әсемдік түр беріп тұрады. Түңдікті де үйдің басқа киіздері сияқты дайын болған соң, ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды, бұл оған әдемі ақ түс береді, әрі киіздің берік болуына, суға, ыстық-суыққа шыдамды болуына ықпал етеді.
Аманкүл Сатыбаева,
аудандық орталық кітапхананың
кітап қорын өңдеу, толықтыру бөлімінің кітапханашысы
17 наурыз 2026 ж. 94 0