Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шуақтың мәңгі мекені

Шуақтың мәңгі мекені

Сонау көшпелі мәдениеттен негізі қаланған Наурыз мерекесін тойлауды бұрынғы бабаларымыз наурыз айы кіргеннен бастаған. «Қыстың қаһары қайтты, мұздың көбесі сөгілді» деп жаңару айында ауыл-аймақпен жылы жүздескен ағайын бұл айдағы әрбір күнді молшылық пен ынтымақ және рухани құндылықтарды дәріптей түсуге арнаған. Сол бір құндылық бүгінде қайта жанданып келе жатқандай. Халқымыз ұлттық мерекені тойлауды 14 науырыздан бастап кетті. Амал мерекесіне айрықша мән берген ағайын бұл күні қуана қауышып, ұясынан шыққан шуақты күндей жадырай түсті. Содан бері әр күнді айрықша маңызға ие еткен халқымыз өткен аптаның жексенбісін, яғни 17 наурызды Шаңырақ күні ретінде атап өтті. Бұл күннің де қазақ үшін маңызы зор. Өйткені қазақ танымында Шаңырақ айрықша маңызға ие. Отбасы құндылығын дәріптеуге негіз болатын жас шаңырақ немесе үлкен әулет бабалар түсінігінде материалдық және рухани мұраның айрықша символы ретінде қалыптасқан. Ендеше бұл күнді сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған деуге толық негіз бар.
Иә, қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы ретінде дәріптеледі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, материалдық және рухани мұра ретіндегі құндылығын жоймай келе жатқан осы бір символдық мұра қазақ дүниетанымындакім-кімді де кемсітпей, өз ортасына қабылдай алу қабілетін білдіреді. Жаһандық тұрғыдан алғанда, шаңырақ ұлттық сана-сезімдегі ел, мемлекет ұғымын бейнелейді, сондықтан да ол елтаңбаның жүрегінде орналасқан. Ендеше, осы мереке күндері шаңыраққа ерекше көңіл бөлінетіні түсінікті жәйт болса керек.
Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық мереке дегенге келісетін шығарсыз. Өйткені отбасы–әрбірімізге жақын әрі бәрімізді біріктіретін құндылық. Ендеше 17 наурыздың тақырыбы отбасы институтының маңыздылығын еске салып, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болып отыр. Оның ішіндегі татулық пен тұрақтылық, өзара сыйластық және жанұя мүшелерінің арасындағы мәміле шарт шыңырақтың негізгі құндылықтары ретінде дәріптеліп келеді. Сондай-ақ әр адам үшін басты құндылық саналатын отбасы ұғымы мемлекет пен қоғам тұрақтылығын сақтауда, жас ұрпақ тәрбиесінде, елдің дамуында маңызды рөл атқарады.
Ең негізгі адами қағидалар – төзімділік, жанашырлық, қамқорлық, мейірім мен ізгілік сияқты қасиеттер балаға ең жақын туыстары мен жақындарының ортасында дариды. Бала кезде берілген тәрбие өмірлік қағидаға айналып, басқа адамдармен қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді. Сондықтан сапалы ұлт қалыптастыру жолында еңбекқорлық, білімпаздық, тілеулестік сияқты қасиеттерді отбасы институты арқылы сіңірудің маңызы зор. Ұлттық сана-сезімде шаңырақ отбасыны бейнелейді, сондықтан да қазақтар жас жұбайлардың отауын құрып, шаңырағын көтеруге ерекше мән берген.
Бұл ғұрыптың мағынасы өте терең: халық өнегелі отағасы, ағайын-туысқа, қайын жұртына сыйлы, жасы үлкен ер адамның жас шаңырақты ат үстінде тұрып көтеруін жақсы ырымға балаған.Осы орайда, бұрын да, қазір де көптеген жастар наурыз айында үйленуге тырысады, яғни киіз үйлер тігіліп, шаңырақтар көтеріліп, алыстағы ағайын қарашаңыраққа жиналатын кезең үйленуге өте қолайлы.
Міне, осындай терең мағынаға ие отбасы құндылығын өзара ұғынысқан жас жұбайлардың бірі Ғасырбек пен Назым өз отауларын тіктеп, шаңырақ көтерді жақында. Ең алдымен Алла үйінде болып, ақ некелерін жария еткен жас отбасы, айтулы мереке қарсаңында қолдарына ресми құжат саналатын неке қию туралы куәліктерін алды.
– Біздің ойымызда бір мақсат, бір мүдде ғана болды. Ол – отбасын құрып, өз ойымыздағы алға қойған арман-мақсаттарды біріктіру және ата-анамызға қызмет етіп, бауырларымызға үлгі болу. Шүкір, барлығы жақсы басталып келеді. Мұндай шешімге келіп, той жасау кезінде ағайындарымның және отбасымның қолдауын көп сезіндім. Қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөзді бекер айтпаған ғой. Біздің үй болып, үлгілі жанұяға айналуымыз үшін әлі көптеген кедергілерден өтуіміз керек деп ойлаймын. Ең бастысы, отбасы және шаңырақ деген киелі ұғымға дақ түсірмей, бірге болу біз үшін ең мәселе, – дейді жас шыңырақтың иесі Ғ.Аманов.
Негізі үлкендердің батасында шаңыраққа қатысты тілектер көп айтылады. «Шаңырақтарың биік болсын!» деген сөз тіркесі ең жақсы тілектің бірі саналады. Үлкендер беретін бата-тілекте осы сөздің жиі айтылуы да сондықтан. Мереке қарсаңында мұндай жақсы сөздердің жиі айтылуы жақсы амалдардың жарасымды көрінісі болмақ. Халық дәстүрінде солай. Сондықтан мұндай құндылықтар Наурыз мерекесінде дәріптеліп жатса, нұр үстіне нұр болары анық.
Жалпы, «Шаңырақ» күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға сеп болады. Сондықтан Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 17 наурыз – жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күнінеайналады деуге негіз бар. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне бек сенімдіміз.
А.БИСЕНОВ
19 наурыз 2024 ж. 786 0