Атабай асқан асу
Білім саласында қандай да бір жетістік болса, оның барлығы дерлік бірлесе атқарған жүйелі жұмыстың жемісі. Оған ешкім де шүбә келтірмейді. Қазақта «қос қуаныш қатар болды» деген сөз тіркесі бар. Мерейді тасытып, абыройды асыратын осынау сөз ауданның бас ұстазы Санира Жанназарова мен Атабай Қуанышевқа арналғандай. Саналы ғұмырын ізденіске толы білім мен сапалы тәрбиеге арнаған Нұрқожақызы таяуда ғана мемлекет басшысы тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол жөнінде газетіміздің алдынғы санында патша көңілді оқырмандарға құлағдар қылдық. Ендігі айтпағымыз, №262 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Атабай Қуанышев жайында болмақ. «Білім – теңіз, мектеп – кеме». Әр шаңырақтың ұл-қыздарын білім нәрімен сусындатқан кейіпкеріміз «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты республикалық байқауда топ жарып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер арасында жүлделі I орынды иеленді. Кәсіби шеберлігін талайларға мойындатқан Атабай осылайша кезекті асудан асты. Жас ұстаздың Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен жас ұстаздарды анықтау мен қолдау, озық тәжірибені насихаттау мақсатында қолға алынған сайыста оқ бойы озып шығуы Аралдағы білімнің қаншалықты сапалы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл бірдің ғана емес, көптің өлшеусіз еңбегінің қайтарымы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынын ұғынған ұжымның ауыз толтырып айтарлық жетістігі.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ










