Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан орталығындағы алғашқы дарын мектебі

Аудан орталығындағы алғашқы дарын мектебі

«Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман» деп М.Дулатов айтқандай, еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Сондықтан да заман талабына сай дарынды оқушылар мен талантты ұрпақты тәрбиелеу негізінде дарынды мектептер көптеп ашылуда. Солардың бірі – Арал қаласындағы «№2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты».
«Қызылорда облысының білім басқармасының «№2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып, Қызылорда облысы әкімінің 2019 жылы 17 шілдедегі №12 қаулысына сәйкес қайта құрылды. Ал үш жылдан соң «№2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты» деп өзгертілген білім ошағының басты миссиясы оқушылардың ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, олардың оқып тәрбиеленуге барынша қолайлы жағдай жасау, мектептің білім беру кеңістігінің мүмкіндіктерін пайдалану, қосымша білім беруді дамыту, әр оқушының дамуы мен бойындағы қабілеттерін толық пайдалануға жағдай жасау, оқушылардың өзгерістерге тез бейімделулеріне атсалысу болып табылады. Ал осы мақсатқа жету жолында мектеп ұжымын жүйелі жұмысқа тартып, нәтижелі білім беруге арналған түрлі жұмыстарды ұйымдастырып келе жатқан Гүлжанат Есенбаеваның еңбегін айта кеткен жөн. Педагог-зерттеуші ұстаз Г.Аманғалиқызы 2019 жылдан бері білім беру мекемесінің басшысы ретінде абыройлы еңбек етіп келеді.
Әлбетте "тұлпар жалғыз шапқанмен бәйге алмайды" дегендей, бұл еңбектің артында бүтіндей бір мекеме қызметкерлерінің, ұлағатты ұстаздар мен майталман мамандардың жүйелі жұмысы жатыр. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша тереңдетілген білім беретін білім ошағында 31 мұғалім жұмыс істесе, балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына 18 тәрбиеші мен техникалық қызметкерлер, мектеп-интернат дәрігері мен аяжан жауапты. Олардың әрқайсысы өз саласына сай кәсіби білім мен біліктілігі бар мамандар десек қателеспейміз.
Арнайы пәндер бойынша білім мен тәрбиеден бөлек оқушылардың қарым-қабілеті мен қызығушылығына сүйене отырып оларды өнерге, шығармашылыққа, спортқа баулу жағы да кеңінен қарастырылған. Жоғарыдағы сандық мәлімет сапалы көрсеткішке жету үшін осы бағытта тынымсыз тер төгіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ «Жас шахматшы», «Жас сарбаз», «Шеберлер», «Шебер қолдар», «Домбыра дастан», «Дарын драма» үйірмелерінен бөлек, салауатты өмірге бастайтын «Үстел теннисі», «Бес асық» үйірмелері мен «Daryn speakers» дебат клубы мұндағы шәкірттер үшін таптырмас мүмкіндікке айналған. Шығармашыл педагогтер мен дарынды оқушылардың бірлескен еңбегінің арқасында жеткен жетістіктерді айтып тауысу мүмкін емес. Білім беру ұйымдарының педагогтері арасында өткізілген «Үздік авторлық бағдарлама» облыстық байқауларында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Есенбаева, тарих пәнінің мұғалімі Д.Оразгұлова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ә.Жарқынбаев қатысып, ІІ орындарды иеленді. Ал химия пәнінің мұғалімі Қ.Дәрімбетова «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқаудың облыстық кезеңінде І орын және республикалық қорытынды кезеңінде орта білімді оқытудағы заманауи технологиялар химия мұғалімі аталымы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен және 67500 теңге иеленді. Сондай-ақ Қызылорда облысы жастарының «Сыр үміті» сыйлығын иеленіп, 150000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз – 2021» республикалық байқаудың облыстық кезеңіне математика пәнінің мұғалімі Н.Мұстафа қатысып, І орын және республикалық кезеңінде ІІІ орын иеленді. «Үздік тарих пәнінің мұғалімі – 2021» республикалық байқаудың облыстық кезеңіне тарих пәнінің мұғалімі Г.Кариева қатысып, ІІІ орын иегері атанса, менеджер, информатика пәнінің мұғалімі Қ.Садықов ІV республикалық «Ғани сыйлығы – 2022» жастар сыйлығын алды. 120000 теңге ақшалай сыйлықты иеленіп, «Ғани Мұратбаев» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Мұнан бөлек математика пәнінің мұғалімі Н.Мұстафа математика-физика және информатика пәні мұғалімдеріне арналған ІХ халықаралық байқауында ІІІ орын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Жиенбаева «Дарынды балаларға талантты ұстаз – 2023» республикалық олимпиадасында ІІ дәрежелі диплом, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ә.Жарқынбаев «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауында ІІІ дәрежелі диплом, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы «Білім берудің оқу-әдістемелік орталығының» мемлекеттік мекемесі 2023 жылдың 24-25 мамыр күндері Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өткен "Мектептегі тарих пәні: білім берудегі жаңаша тренд, рухани құндылық, тарихи сана" тақырыбындағы республикалық тәжірибелік конференцияға мектебіміздің шығармашыл ұстазы, тарих пәнінің мұғалімі Д.Оразгұлованың тәжірибесімен бөлісіп, өз баяндамасын қорғап сертификат иеленгенін де ерекшелеп айта кетуге болады. Бұл ретте мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Аманғалиқызы ҚР Оқу-ағарту вице-министрінің Алғыс хатымен және "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған” төсбелгісімен марапатталды. Бұл тек ауызға ілінгені ғана.
Мұғалімнің еңбегі қашанда шәкірттері арқылы көрінетіні жасырын емес. Осы ретте жекелеген оқушылардың түрлі деңгейдегі білім бәсекелерінен жеңген жүздеген жүлделерінен бөлек, бүгінгі күнге дейін бітірген 37 түлектің 6-ы «Алтын белгі» белгісін, 8-і «Үздік аттестат» алған. 2022-2023 оқу жылында 13 түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, ҰБТ-да бақ сынаған 13-і де 100% мемлекеттік грант иегерлері атанған.
Иә, нәтиже қай уақытта да жұртшылықтың назарынан тыс қалмақ емес. Осындай жетістікке жарнамамен емес, еткен еңбектің оң көрсеткіштері арқылы жеткен мектепке «Осы мектепте оқығым келеді» деп келушілердің қатары өте көп. Өйткені білікті ұстаздар мен білімді жас мамандардың арқасында мектептің мерейі күн сайын артып келеді.
Ұлт болашағының білімді, дарынды ұрпақпен өрістейтіні қай заманнан-ақ белгілі екенін өмір өзі дәлелдеп бергенге ұқсайды. Өскелең ұрпағы қаншалықты тәрбиелі, дарынды, талантты, білімді болса, сол елдің болашағы соғұрлым айқын болатынын тарих көші дәлелдеген.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
04 қазан 2023 ж. 551 0