Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал – білім мен бәсеке биігінде

Арал – білім мен бәсеке биігінде

Қазіргі білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану - уақыт талабы. Осы бағытта педагогтердің тәжірибе алмасуына, кәсіби шеберлігін арттыруға мүмкіндік берген маңызды іс-шара 2026 жылдың 02-05 қаңтар күндері Жаңақорған кентінде өтті. «Білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект: тәжірибе және мүмкіндіктер» тақырыбындағы облыстық тәжірибе алаңы білім саласындағы жаңашылдықтарды насихаттауға арналды.
Аталған тәжірибе алаңына Арал ауданынан аудандық білім бөлімінің әдіскері Қожамберлиев Асқаттың жетекшілігімен білім беру ұйымдарынан іріктелген 10 педагог қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Аралдық ұстаздар облыс көлемінде ұйымдастырылған түрлі кәсіби, шығармашылық және мәдени бағыттағы байқауларда белсенділік танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Тәжірибе алаңы аясында өткен «Ел іші – өнер кеніші» атты топтардың мәдени шарасында Арал ауданының командасы ІІ орын иеленіп, ұжымдық жұмыс пен шығармашылық үйлесімділіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Ал заманауи технологияны сабақ үдерісіне енгізу бағытындағы «ЖИ бағытындағы үздік ЖИ сабақ» кәсіби байқауында №14 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Кәмшат Махашова озық тәжірибесімен ерекшеленіп, ІІІ орынға лайық деп танылды.
Сондай-ақ, педагогтердің идеялық ізденісін айқындайтын «Педагогикалық идеялар аукционы – 2026» байқауында №220 орта мектептің химия пәні мұғалімі Нұрталап Қанатов ІІ орын иеленсе, Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Атабай Қуанышов пен көркем еңбек пәні мұғалімі Бақбосын Мұратбаев ІІІ орынмен марапатталды.
Шығармашылық бағыттағы сайыстарда да аралдық ұстаздардың жетістігі айқын байқалды. «Көңілді тапқырлар алаңы» сайысында аудан командасы І орын иеленіп, тапқырлық пен ұйымшылдықтың жоғары деңгейін көрсетті. Ал тәрбиелік мәні зор «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты театрландырылған қойылымда көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, Бас жүлде жеңіп алды.
Рухани-мәдени бағыттағы байқаулардың бірі – «Ұстаз ақындар айтысында» №292 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгерім Өтемісова жоғары нәтиже көрсетіп, айтыс өнері арқылы ұстаздардың жан-жақты шығармашылық әлеуетін дәлелдеді.
Сонымен қатар, тәжірибе алаңы аясында спорттық сайыстар да ұйымдастырылып, оның ішінде өткен шахмат жарысында №14 мектеп-лицейінің мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Қырықбай Ұзақбаев жоғары зияткерлік шеберлік танытып, ІІІ орынға ие болды. Бұл жетістік педагогтердің кәсіби білімімен қатар, логикалық ойлау мен стратегиялық қабілеттерінің де жоғары деңгейде дамығанын айқындай түсті.
«Білім берудегі ЖИ: практикалық тәсілдер мен педагогикалық мүмкіндіктер» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияда №220 орта мектептің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбану Қуанышова мазмұнды баяндама жасап, тәжірибесімен бөліскені үшін "Құрмет грамотасымен" марапатталды.
Тәжірибе алаңындағы іс-шараларға түгелдей қатысып, кәсіби белсенділік танытқаны №14 мектеп-лицейінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Жұмағұлова мен №13 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәнімкүл Садықова да "Құрмет грамоталарына" ие болды.
Ал жас педагогтер арасынан суырылып шыққан Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының мұғалімі Атабай Қуанышов тәжірибе алаңының «Ең үздік жас дарыны» номинациясымен марапатталды.
Аудан намысын облыс деңгейінде абыроймен қорғап, жетістікпен оралған педагогтерді, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызы "Құрмет грамоталарымен" марапаттады. Бұл марапаттар ұстаздардың еңбегіне берілген жоғары баға болып, алдағы уақытта да жаңашылдыққа ұмтылып, білім беру саласын дамыту жолындағы ізденістеріне үлкен серпін берді.
Қорытындылай келе, облыстық деңгейде өткен бұл ауқымды тәжірибе алаңында Арал ауданының педагогтері жоғары нәтиже көрсетіп, ауданның білім беру саласындағы әлеуетінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жасанды интеллектіні оқу-тәрбие үдерісіне енгізу бағытындағы мұндай тәжірибелік алаңдар ұстаздардың кәсіби дамуына серпін беріп, білім сапасын арттыруға, жаңашыл ойлайтын ұрпақ тәрбиелеуге зор мүмкіндік береді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 қаңтар 2026 ж. 80 0