Білім бәйгесінің жеңімпазы
Қазіргі заманда білім беру жүйесі тек оқулықпен шектелмей, үнемі ізденісті, жаңашыл ойды, шығармашылық еркіндікті талап етеді. Мұғалім – ұлт болашағын қалыптастырушы тұлға. Сондықтан педагогтің кәсіби дамуы, идеялық ізденісі мен шығармашылық әлеуетін ашу – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осы мақсатта ұйымдастырылып келе жатқан ауқымды жобалардың бірі – «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсы.2026 жылдың 7-9 қаңтар күндері Алматы қаласы, Сүлейман Демирел университеті базасында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2026» өз мәресіне жетті. Бұл байқау – еліміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашыл, жаңашыл ойлайтын педагогтерді бір алаңға тоғыстырған, кәсіби тәжірибе алмасудың, педагогикалық идеяны еркін ұсынудың беделді алаңы.
Фестивальдің басты мақсаты – педагогтердің шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруын ынталандыру, кәсіби өсуіне жағдай жасау, оқыту мен тәрбиенің тиімді әдістерін зерделеу және республика көлемінде тарату. Сонымен қатар бұл конкурс мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, заманауи мектептің кадрлық әлеуетін қолдауға, білім беру кеңістігіндегі бірлікті нығайтуға бағытталған.
Фестивальге директорлар мен директордың орынбасарлары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері, психологтар, логопедтер, тәрбиешілер, қосымша білім беру педагогтері, дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтардың әдіскерлері қатысты. Әр қатысушы жеке форматта өз педагогикалық идеясын ұсынып, TEDx стиліне жақын, мазмұнды, практикалық маңызы бар баяндама жасау талап етілді.
Байқау бес негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Олар «Білім беру жүйесіндегі менеджмент», «Шеберлік палитрасы», «Шығармашыл толқын», «Сабақ аяқталған соң…» және «Психолог сандықшасы».
Әр бағытта педагогтер өз тәжірибелерін, инновациялық тәсілдерін, нақты нәтижелерін қорғап, кәсіби диалогқа түсті. Мұндай байқаулар мұғалімнен жоғары дайындықты ғана емес, психологиялық төзімділікті, уақытты тиімді жоспарлауды, ішкі ресурстарды жұмылдыра білуді талап етеді. Дегенмен дәл осындай сын сәттер педагогтің кәсіби және тұлғалық өсуіне серпін береді.
Ауқымды республикалық додада Қызылорда облысынан 11 педагог бақ сынап, оның ішінде 8 педагог жүлделі орын, 3 педагог Арнайы грамота иеленді. Бұл – Сыр өңірі ұстаздарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін айқын дәлелдейтін көрсеткіш.
Атап айтқанда, Арал ауданының білім саласы бұл фестивальде ерекше нәтижеге қол жеткізді. Ұстаздар додасында ауданымыздан аттанған Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Құрманалиева «Сабақ аяқталған соң…» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, өз тәжірибесінің тәрбиелік мәні мен жаңашылдығын жоғары деңгейде дәлелдеді. Ал №71 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Нұржан Балов «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша жеңіс тұғырынан көрініп, қолданбалы пәндер саласындағы үздік тәжірибелердің бірін ұсынды. Осылайша аралдық педагогтердің шығармашылық ізденісі, кәсіби жауапкершілігі мен жаңашыл көзқарасы республикалық деңгейде жоғары бағаланды.
Мұндай жобалар ұстазды үздіксіз өзін-өзі дамытуға жетелейді, ал дамыған ұстаз –кемел ұрпақтың кепілі.
Жарқын жеңістерімен ел мерейін асқақтатқан аралдық ұстаздарға алдағы шығармашылық жолында толағай табыс, тың идеялар мен биік белестер тілейміз!
Г.ӘЛНИЯЗИНА










