Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалімдер фестивалі Аралда

Мұғалімдер фестивалі Аралда

tolqyn.kz Ағымдағы жылдың 23-24 қараша күндері «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында Педагогикалық шеберлік орталығы мен Арал ауданы бойынша білім бөлімінің бірлескен «Мұғалімнің кәсіби дамуы: инновациялар арқылы білім сапасына» тақырыбында педагогикалық идеялар фестивалі өтті. Іс-шараға білім беру қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті демеушілік жасады. Бұл туралы Арал аудандық білім бөлімі   facebook хабарлады. 
Қоғамда мұғалімнің алатын орны ерекше. Өйткені ол ұрпақ тәрбиешісі. Күллі адамзат баласы тәлім мен тәрбиені ұстаздан алады. Осылайша азамат болып қалыптасады. Сондай-ақ мұғалімдік мамандық адамды жас, белсенді және тынымсыз болуға үйретеді. Оқушыларды зерттеу жұмысына баулып, оларды адамзат жинаған тәжірибені құрметтеуге, қоршаған әлемге және өмірге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеумен бірге мұғалімнің өзі де білім алады, шеберлігін шыңдай түседі.
Осы орайда ұйымдастырлған шараға педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласы бойынша филиал директоры Камалова София Тәкенқызы мен білім саласы қызметкерлерінің Қызылорда облыстық комитеті төрғасының орынбасары Өтегенова Нұргүл Сабырқызы және Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Жанназарова Санира Нұрқожақызы арнайы қатысты. Құрметті қонақтар қатысушыларды педагогикалық идеялар фестивалінің ашылуымен, сонымен бірге, педагогикалық шеберлік орталығының 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Мотивациялық кездесу бағытында аталған шараға– Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Аяғанов Еркебұлан Бауыржанұлы, Қамыстыбас елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Балмырзаева Азат Төлебайқызы спикер ретінде қатысты. Олар ұстазға деген ұлы сыйластық туралы айта келіп, ортақ мүддеге ұмтылған ата-ана мен мұғалім және оқушы арасындағы тығыз байланысқа тоқталды. Өздерін бұрынғы шәкірт, қазіргі таңда ата-ана ретінде әңгімелей отырып, жеткен жетістіктерінің барлығының бастауы мектепте алған білім екендігін тілге тиек етті. Ұстаздар қауымына үлкен алғыстарын білдірді.
Фестивальге Қызылорда қаласынан және облыстың барлық аудандарынан шығармашыл топтар қатысты. Олар ұйымдастырылған жұмыстарда өз білімдері мен біліктіліктерін таныта білді. Сондай-ақ, өнерпаздық қабілеттерін көрсетіп, сахна төрінде жұлдыздай жарқырады.
 «Әлемді жақсы жаққа өзгертеміз!» командалық таныстырылымда табысты жас ұрпақты дайындайтын ұстаз келбетін ашатын топтық тұжырымдарын ұсынды.
«Кәсіби шешімдер мен тапқырлық» квест ойындарынан соң, педагогикалық шеберлік орталығы тренерлерінің шеберлік сыныптарына қатысты.
«Идеядан іске асыруға дейін» воркшоп барысында әр ауданның шығармашыл мұғалімдерінің үздік жұмыстары көрсетілді.
Фестивальде педагогикалық идеяларымен тәжірибе алмасқан топ мүшелері «Бірге билейік!» флешмобында және «Жұлдыздар жауған түн!» шығармашыл ұстаз кешінде өз өнерлерін көрсетіп, нағыз өнерпаз жандар екендіктерін танытты. Жүректен шыққан өлеңдерден өрнек тоқылып, әсем әннен шашу шашылды.
Фестивальдің келесі күнінде «Алғашқы күннің дайжесті» тақырыбында постер галереясы ұйымдастырылды.
«Өмір бойы білім алу» деп аталатын педагогикалық жобалар қорғау жұмысында «Зерттеу дизайны: жоспарлаудан рефлексияға дейін», «INSIGHT лаборатория: оқыту формалары мен стратегиялары», «Білім берудегі сандық технологиялар», «Саралап және даралап оқытудан дербес оқытуға» бағыттары бойынша жобалар қорғалды. Әрбір топ өз жұмыстарын жан-жақты талдап түсіндірді. Өз идеяларын ортаға салды.
Педагогикалық идеялар фестивалі соңында, қатысушы командалар арнайы Дипломмен және Алғыс хаттармен марапатталды.
25 қараша 2022 ж. 444 0