Мол тәжірибе жетістікке жетелейді
Бүгінде экономикамыздың өркендеуімен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына аса назар аудара отырып, мәдени құндылықтардан сусындаған, заман өзгерістеріне тез бейімделгіш жеке тұлғаны қалыптастыру жолында қызмет істеп жүрген ұстаздар оқу-тәрбие үдерісінде жаңа технологиялар мен интерактивті әдістерді ендіру бағытында тынымсыз еңбек етуде. Облыста қазіргі таңда педагог кадрларға әдістемелік көмектер ұсынылып, республика бойынша таратылып, өзгеге өнеге боларлықтай дүниелер жасау мақсаты көзделуде.
Осыған орай мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуын жетілдіру мақсатында «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының және облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен он сегізінші рет тәжірибе алаңы өткізілді. «Жаңақорған» шипажайында облысымыздың шығармашыл ұстаздарының басын қосқан алаңда санитарлық нормалар толық сақталды.
Биылғы шараның ерекшелігі – байқаулар мен іс-шара жұмыстарын аудан мектептерімен ZООМ платформасында қашықтан өткізілді. Төрт күндік жұмыс барысында ізденімпаз ұстаздар мен ұжымдардың өзіндік іс-тәжірибелері талқыланып, құнды идеялар ортаға салынып, тиімді әдістер мен оң нәтижелер туралы әңгіме қозғалды. Білім беру үрдісінің үздіксіздігі, оқу мен тәрбиенің өзекті мәселелері төңірегінде қатысушылар тәжірибесі талқыланды.
Іс-шаралар бірнеше бағытта өтті. Әсіресе бүгінгі таңда тек ұстаздарды ғана емес, көпшілік адамды толғандыратын «оқушылардың қажеттілігіне қарай саралап оқыту жолдары», «инклюзивті білім берудің негізгі түсінігі мен ұстанымдары» тақырыбында өткен шеберлік сыныбы мен «Қашықтан оқытудың сапасын арттырудың тиімділігі мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциялар нәтижелі жұмысқа қол жеткізудің мүмкіндіктерін ашып көрсетті. Тәжірибе алаңы жұмыстарының қорытындысы бойынша аудандағы бірқатар шығармашыл ұстаздар Алғыс пен Құрмет грамоталарына ие болды.
Алтынбек Кикбаев,
Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік
жұмыстар жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі