Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің жаңа төрайымы сайланды

Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің жаңа төрайымы сайланды

Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының кезекті ХХІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Конференцияға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы А.Мұқашева, облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы С.Сермағанбетов, Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Р.Байназарова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры Б.Елеусінов, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеттерінің төрағалары, қала, облыс мектептерінің директорлары мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Жиында Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Р.Байназарованың Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық комитетінің 2015-2020 жылдар аралығындағы есебі, комиссия мүшесі Л.Құлымбетованың Бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, талқыланды.
Жарыссөзге шыққан институт директоры Б.Елеусінов облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитеті мен институт бірігіп өткізген шаралар, оның ішінде республикада ешқандай баламасы жоқ «Тәжірибе алаңы» жайлы баяндап, есепті кезең аралығындағы кәсіподақ комитетінің жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, кәсіподақтың Қызылорда облыстық ұйымының басқару органдары мен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасын сайлау, облыстық кәсіподақ ұйымының Кеңес құрамын және Атқару комитетінің құрамын сайлау, облыстық кәсіподақ комитетінің бақылау-тексеру комиссиясын сайлау шаралары өтті.
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы болып Г.Есқалиева бірауыздан сайланды.
Жиын соңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының кезекті ХХІХ есеп беру-сайлау конференциясының қаулысы қабылданды.
31 қаңтар 2020 ж. 1 090 0