Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз тағдырын толғаған туынды

Теңіз тағдырын толғаған туынды

Өткен сенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Ұстаздар өзгерістер елшісі» жобасы аясында аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Халықаралық кітап күні» мерекесіне орай облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында облыстық дебат өтті. Бұлшараның мақсаты – Қазақстанның халық жазушысы, әлем оқырманына танымал жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын талдау арқылы прагматизм, бәсекелестік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әлемдік мәдениет көшіне ілесіп, қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету. Көне Арал аймағының экологиялық зардаптарын, теңіздің тағдырын тамыршыдай тап баса суреттей алған шығармашылығын талдау арқылы оқырмандық қызығушылықты арттыру.
Шараның бірінші бөліміндеоблыстың әр ауданынан келген мұғалімдер «Ә.Нұрпейісов шығармалары арқылы оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру тәжірибемізден» атты көрмесін көпшілік назарына ұсынды. Көрмеден  жазушының шығармалары, романдары және әлем классиктерінің Ә.Нұрпейісов туралы айтқан ой-толғамдары мен  пікірлері көрініс тапты. Сонымен қатар, көрмеге Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында дайындалған буклеттер, сыныптық шара топтамалары және жазушы шығармаларына ықыластарын білдірген қаламгерлер пікірлері қойылды.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов :
–Әбдіжәміл Нұрпейісов –  ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып, асқар биігіне шыққан Қазақстанның Халық жазушысы. Әлем­дік ақыл-ойдың қазынасына өлшеу­сіз үлес қосқан қабырғалы қалам­гер. Ол әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден романнан бастады. Ал, бүгінгі шараның тақырыбына арқау болған «Соңғы парыз» романы  автордың туған жерге де­ген шынайы да ынтық махаббатының шы­рын нәрімен жа­зыл­ған. Қаламгердің ту­ған топырағына де­ген сол ынтықтығы бү­кіл шығарма­шылық жолында бір сәтке де суынып көрген емес. Солай екенін «Соңғы парыз» ди­­логиясы дәлелдеп, тиянақтап тұр.
Осы ретте атап өту керек, елімізде шығармаларының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылған жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов қана. Облыстық шараның тұңғыш рет Арал өңірінен ұйымдастырылуының да мәні осында,–деп тілі жүйрік, сөз мәйегінің семсерін сілтеп, қарымды қаламгер-жазушының шығармашылығын талдауға келген барша дебат қатысушыларына сәттілік тіледі.
Дебат сайысында қатысушылар роман желісі негізінде жақтаушы және даттаушы топтарына бөлініп өз ойларын ортаға салды. Ауданымыздың атынан №20 Бөген елді мекені мектебінен Сая Нұрғалиева, №177 Сексеуіл кенті мектебінен Гүлзира Есіркепова, №260 орта мектебінен Жадыра Қошекеновалар дебат сайысына қатысты.
Иә, қызықты да тартысты өткен дебатта  Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жалағаш аудандарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері шеберлік танытып, романды Елбасының рухани жаңғыру тарихи мақаласымен ұштастыра отырып, баршаға көркем етіп жеткізе білді. Әділқазылар алқасы аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, халықаралық тренер, педагогика ғылымдарының магистрі Мария Орманова,  Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі Қаршыға Есемсейітова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты  Айман Ералықызы болды.
Облыстық мазмұнды шараның қорытындысы бойынша көрме ұйымдастырудан І орынды ауданымыздың пән мұғалімдері жеңіп алса, ІІ орынға Қазалы ауданы ие болды, ал ІІІ орынды Жалағаш ауданы қанағат тұтты. Сонымен қатар, ең басты жазушы шығармашылығына терең үңіліп, «Соңғы парыз» романын талдау арқылы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ете білген дебатта І орындыШиелі ауданы мектебінің пән мұғалімдері иеленді. Ал, ауданымыздың пән мұғалімдері ІІ орын тұғырынан көрінсе, ІІІ орынды Қазалы ауданынан келген ұстаздар қауымы бөлісті.
Теңіз тағдырын толғаған туынды кештің соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова сайысқа қатысқан шығармашыл ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады.  
Света Үсенқұлова.
25 сәуір 2018 ж. 1 625 0