АЛА ДОПТЫ АЛАҚАНДА ОЙНАТҚАНДАР
Теңіз жағасындағы ел. Күллі қазақ ұлықтаған Зейнолладай ақынның кіндігі кесілген ауыл осындағы білім бұлағынан дәріс алған өрімдей өрендер қиялға қанат байлап, салауатты өмір салтына бет бұрып, ала допты алақанда ойнатқалы қашан? Бағыт айқын, мақсат бір. Ауыл атын шығарып, мектеп намысын қорғау Команда жетекшісі Серік Ұснадиновтың тиянақты дайындығымен талапшылдығы шәкірттерді алысқа апарды. Нақтырақ тоқталсақ, №20 З.Шүкіров атындағы мектептің оқушыларынан жасалған волейболшылар ауданда өткен Ұлттық мектепішілік лигада I орын иеленіп, бөгендіктердің мерейін асырды. Сондай-ақ, олар облыс көлемінде де тартысты ойын өрнегін көрсетіп, Жалағаш, Қармақшы, Қызылорда командаларымен өткен кездесуде кіл «сен тұр мен атайын» деген сайыпқырандармен тең дәрежеде шеберліктерімен дараланып, үздіктер қатарынан табылды. Шешуші сәтте командаластарын ұпай санымен алға шығарған 6-сынып оқушысы Ердәулет Мұхамбетұлы асқан шеберлігімен жанкүйерлер қошеметіне бөленді.
«Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, ауыл балаларының тілеуін тілеген жерлестері сайысқа қатысуларына қаржылай демеулік жасап, айрықша қолдау көрсетті. Осының барлығы жаттығуда шыңдалған шәкірттерге үлкен демеу еді. Жеңіс жалауын желбіретіп жеткен жеткіншектерді мектеп басшысы Марат Андызбаев бастаған ұжым айқара құшақ ашып, құрметпен қарсы алды. Үлкендер тарапы ақ батасын берді. Бұл – спорттағы жетістікке ғана емес, бала еңбегіне деген құрметтің жарқын көрінісі-тұғын.
Шаттық Батаманова,
№20 З.Шүкіров атындағы директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары









