Ақынын ардақтаған ауыл
Теңіз қолтығында Бөген деген құтты мекен бар. Бұл жерден талай нартұлғалар шыққан. Ақжал толқынмен алысқан балықшы қауым кезінде қажырлы ісімен одаққа танылған. Ал, қазақтың аяулы ақыны Зейнолла Шүкіров дәл осы ауылда дүниеге келіп, тағдыр жазуымен арбаға таңылса да өміршең өлеңдерімен көптің жүрек кестесінде сақталған. Иә, мұны неге айтып отырмыз. Үстіміздегі жылы Зейнолла Шүкіровтың туғанына 99 жыл толды. Осыған орай №20 ақын атындағы орта мектеп тағылымды шара ұйымдастырды. Мектеп ауласындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, шәкірттер өмірі өнеге жанның есімін жырға қосты. Нақтырақ тоқталсақ, ауыр дерттің қамытын киіп, арбаға таңылған жанның рухты өлеңдері, сырлы жырлары кеңінен насихатталды. Мектеп оқушыларынан бөлек ұстаздар да қайсар мінезді ақынның шығармашылық мұрасын санада тағы бір мәрте жаңғыртып, ақын әлеміне терең бойлады.
Сондай-ақ, тағлымды шара аясында жыл сайын ақынның туған күнінде үздік оқушыларға «Зейнолла» партасына отыру үрдісі жалғасып, болашақ иелеріне біліммен еңбектің, талап пен табандылықтың үлгісі үнделді. Жас зияткерлер өзара бақсынасып, сапалы білім, саналы тәрбие алған ұл – қыздар рухани шараның мәнін онан әрі айшықтай түсті.
«Шабыттан шалқыған теңіз – ғұмыр» атты әдеби сазды кеште мектеп оқушысы Мақсат Аханов Зейнолланың бала кезгі бейнесін сахнада шебер сомдады. Өз кезегінде мектеп директоры Марат Андызбаев туған жер топырағында кіндік қаны тамған ақынды ұлықтау бір мектептің ғана емес бүкіл руханият үшін маңызды екенін алға тартып, ақын есімін еншілеген білім ордасының ұжымы 100 жылдық торқалы тойда да тың бастамаларымен ерекшеленетінін жеткізді.
Жанар ҚҰЛМАМБЕТОВА,
№20 З.Шүкіров атындағы бастауыш сынып мұғалімі








