МҰҚАҒАЛИ – МӘҢГІЛІК ЖЫР
Қазақ поэзиясының шоқтығы биік тұлғасы, лириканың хас шебері Мұқағали Мақатаев аз ғана ғұмырында қазақ жырына мәңгілік мұра қалдырды. Оның поэзиясы – шынайылықтың, махаббаттың, сағыныш пен отаншылдықтың үні. Оның жырлары қарапайым халықтың жүрегіне жол тауып, әр оқырманның жан сырын дөп басады. «Үш бақытым», «Отан», «Аққулар ұйықтағанда», «Өз-өзіңді жақсы көр» сынды өлеңдері мен поэмалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Ақын жыры – уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақ санасында қайта түлейтін рухани қазына.Осы орайда №76 негізгі мектеп кітапханасында Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында таным сағаты өткізілді. Шараның мақсаты – ақын шығармашылығын насихаттау, оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын ояту және ақын рухына тағзым жасап, құрмет көрсету.
Мектеп директоры Қ.Жиенбеков ашқан әдеби кеш барысында мектеп кітапханасының оқырмандары ақын өлеңдерін жатқа оқып, оның терең ойлы, сыршыл жырларына тағы бір мәрте үңілді. Ағылшын пәнінің мұғалімі Ұлдана Әбілғазиева «Өз-өзіңді жақсы көр» өлеңін мәнерлеп оқып, өмірді сүю мен адамдық қадір-қасиет жайлы ой қозғады. 8-сынып оқушысы Аңсар Құрманғазыұлы ақынның «Үш бақытым» өлеңін тебіреніспен жеткізсе, 7-сынып оқушысы Нұрай Қуанышқызы «Отан» өлеңін жатқа оқып, туған жерге деген перзенттік махаббатты айшықтады.
Кеш барысында оқушылар ақынның өмір жолымен танысып, шығармашылығы жайлы пікір алмасты. Мұқағали жырларынан үзінділер оқылып, оның поэзиясындағы ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтар кеңінен насихатталды.
Мұқағали – жыр болып халқымен бірге жасай беретін мәңгілік тұлға. Ақынның «Өлмесін деп берген ғой тауды маған» деген арманы ақиқатқа айналды: оның жырлары бүгін де жүректерде жаңғырып тұр. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақ поэзияның құдіретін сезініп, рухани әлемін байыта түсетіні сөзсіз.
П.ЖИЕНБЕКОВА,
№76 негізгі мектеп кітапханашысы









